Литва Республикасы Түркі Академиясымен әріптестік байланыс орнатуға ниетті

Бүгін, 30 қаңтар күні Түркі академиясының президенті Шаһин Мұстафаев Астанада Литва Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі (Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан Республикаларында аккредиттелген) Эгидиюс Навикасты қабылдады.

Мәртебелі мейманды Түркі Академиясының музейімен және басып шығарған ғылыми еңбектерімен таныстырған Шаһин Мұстафаев атқарылып жатқан жұмыстар мен қолға алынған бастамалар туралы баяндап берді.

Академияның іргелі жобаларына қызығушылық танытқан Елші Эгидиюс Навикас әріптестік байланыс орнатуға ниетті екенін білдірді. Сондай-ақ, ол Литва Республикасында тұратын түркі халықтары туралы баяндап, олардың ұлттық құндылықтарының сақталуына бағытталған бірлескен іс-шаралар ұйымдастыруға әзір екенін айтты.

Кездесу соңында тараптар алдағы уақытта аталған бағытта ортақ іс-шаралар өткізу мүмкіндіктерін қарастыруға уағдаласты.

Сонымен қатар, кездесуге Түркі Академиясының вице-президенті Асхат Кесікбаев, Литва Республикасының Қазақстандағы ешілігінің бірінші хатшысы Максим Давидюк, Түркі Академиясының сарапшысы Айнұр Маемерова қатысты.