«Маңғыстаудың тарихи мұрасы: Оғыз-қыпшақ дәуірінің ескерткіштері» атты далалық экспедиция басталды
Ағымдағы жылдың 5-ші сәуірінде Түркі Академиясының ұйымдастыруымен және Маңғыстау облысының қолдауымен «Маңғыстаудың тарихи мұрасы: Оғыз-қыпшақ дәуірінің ескерткіштері» атты далалық экспедиция басталды.
Сегіз күнге созылатын далалық зерттеулердің мақсаты Орталық Азия тарихында ежелгі Жібек жол торабының маңызды жолдарының бірі боп саналатын Маңғыстау аумағындағы Оғыз-Қыпшақ дәуірінің тарихи-мәдени ескерткіштерін барлап, жандандыру болып табылады.
Ғылыми экспедицияға Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев ғылыми жетекшілік етіп, оған Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің оқытушысы Мұрат Қалменов, Өзбекстандағы Я. Гулямов атындағы археология институтының аға ғылыми қызметкері Айсұлу Искандерова, Түркі Академиясының сарапшылары Нұрболат Бөгенбаев және Нұрдин Усеев қатысуда.
Ғалымдардың мәлімдеуінше, ежелгі ғұндардан бастау алып, көне түрік дәуіріне ұласқан, Хазар қағандығы мен Хорезм мемлекеттерінің тарихымен тығыз байланыста болған және оғыздар мен қыпшақтардың кең алқабы болған тарихи өлке археологиялық мұраларға бай.
Аталған аймақта VIII-XIII ғасырлардан қалған ежелгі қорымдар, қорғандар, байырғы қоныс мекендері, қала мен бекініс орындары, керуен сарайлары, жер асты мешіттері, қабір молалары, мазарлар және құлпытастар секілді мыңдаған тарихи мұралар мен археологиялық ескерткіштер мол кездеседі.