Мажар этнографы Вильмош Диосегидің 100 жылдығына арналған конференция өтті
2023 жылдың 5 маусым күні Будапешт қаласында Түркі Академиясының президенті Шаһин Мустафаев белгілі мажар этнографы, Орта Азиядағы шаманизмді зерттеуші ғалым Вильмош Диосегидің туғанына 100 жыл толуына арналған конференцияға қатысты.
Конференцияны Түркі Академиясы, Түркі мемлекеттері ұйымының Будапешттегі өкілдігі және Мажарстан этнография музейі ұйымдастырды. Басқосуға Академия басшысымен қатар, арнайы шақырылған шетелдік ғалымдар, мажар түркологтары, сонымен қатар Түркі мемлекеттерінің Будапешттегі Елшілері қатысты. Құттықтау сөз сөйлеген Түркі академиясының президенті Шаһин Мустафаев шаманизмнің зерттелу мәселелеріне, соның ішінде Вильмош Диосегидің еңбектерінің маңызына тоқталып, Сібір және Алтай халықтарының ортақ мұрасы болып саналатын шаманизм дәстүріне отарлау саясатының ықпалы туралы баяндап берді. “Дәстүрлі және қазіргі шаманизмнің осында айтылған барлық аспектілері академиялық деңгейде зерттелуі керек. Бұл біздің халықтарымыздың тарихындағы, сонымен қатар қазіргі елдеріміз бен аймақтарымыздың әлеуметтік кеңістігіндегі шаманизмнің орны мен маңызын барынша кең түсінуімізге мүмкіндік берер еді” деп атап өтті ол. Конференциядан кейін Шаһин Мұстафаев жиын өтіп жатқан Мажарстан этнография музейін аралап көрді. Музейдің директоры Лайош Кемечи Академия басшысына атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, экспонаттармен таныстырды. Айта кету керек, аталған музей Еуропадағы алдыңғы қатардағы этнография музейлерінің бірі саналады.