Мажарстанда Тұран халықтарының құрылтайы басталды
2022 жылдың 14 тамызында Мажарстанның Бугац қаласында халықаралық ғұн-түркі халықтарының 7-ші құрылтайы басталды.
Шараға 20-дан астам ел және халықтардың делегациясы қатысып жатыр. Құрылтай екі күнге жалғасады. Онда ұлан-ғайыр жерді алып жатқан тарихи Тұран өлкесін мекендеген халықтардың аса бай мәдени-тарихи мұралары көрсетіледі. Құрылтайдың ашылу салтанаты аясында «Мажарстан және Шығыс» атты форум өтті. Алқалы жиынға, Түркі мемлекеттері ұйымы Мажарстандағы өкілдігінің атқарушы директоры Янош Ховари, ТүркПА Бас хатшысы Мехмет Сүрейя Эр, Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев, Қырғыз Республикасының Мәдениет, спорт және ақпарат министрі Азамат Жаманкулов, "Мажар-Тұран" халықаралық қорының жетекшісі, құрылтайдың ұйымдастырушысы Андраш Биро, белгілі қырғыз түркологі Кадырали Конкобаев, сонымен қатар, бауырлас елдердің ғалымдары, зиялы қауым өкілдері қатысты. Келелі басқосуда сөз алған Академия басшысы Д. Қыдырәлі биыл Бугацтағы дәстүрлі Құрылтайдың тамырлас мажар және түркі жұрттарының ынтымағын бекемдеудегі маңыздылығына тоқталды. Өз баяндамасында Д. Қыдырәлі күллі түркі әлемінің ғылыми сабақтастығы мен мәдени байланыстарына арқау болған мажар ғалымдарының еңбектерін насихаттаудағы Түркі академиясының бағыттарын атап өтті. «Мажарстан әлем бойынша көптеген түркологтардың есімдерімен әйгілі. Олардың басында Еуропадағы түркологияның негізін қалаушылардың бірі — Арминий Вамбери тұр. Мажар түркологы, белгілі тарихшы Ласло Расонидің: «Мажарлардың атасы-түріктер, анасы - фин-угорлар» деп айтуы, оның мажар-түркі қатынастарын жан-жақты қарастырғанын көрсетеді. Мажар түркологиясынның негізін Арминий Вамбери, Дьюла Немет, Андрас Бодроглигети, Янош Экман, Золтан Гомбоч, Дьердь Хазай, Лайош Лигети, Иштван Қоңыр Мандоки және т.б. ғалымдар құрды. Осы ретте, мажар түркологиясының көрнекті өкілі Мандокидің 16 мыңнан астам кітап қоры Түркі академиясының кітапханасында сақтаулы тұрғанын айта кеткен жөн», — деді Халықаралық Түркі акалемиясының президенті Д. Қыдырәлі. Сонымен қатар, ол биыл Түркі мемлекеттерінің білім саласына жауапты министрлері қатысқан Академия Ғылыми кеңесінің отырысында мақұлданған түркі әлемінің ортақ оқулықтары туралы ақпарат берді. Д. Қыдырәлі Түркі академиясы әзірлеген оқулықтарға Мажарстан тарапының да қызығушылық танытып, атсалысуын ұсынды. Жиын аясында Халықаралық түркі академиясы мен «Мажар-Тұран» қорының арасында өзара әріптестікті одан әрі нығайта түсу туралы меморандумға қол қойылды. Д. Қыдырәлі құрылтай ұйымдастырушысы Андраш Бироға ризашылығын білдіріп, Академияның басып шығарған бірқатар бағалы кітаптарын тарту етті.