Мажарстанның Бугач қаласында ғұн-түркі халықтарының IX халықаралық құрылтайы басталды

Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев 20-дан астам бауырлас мемлекет өкілдері бас қосқан айтулы шараға қатысты.

Іс-шараға Мажарстан Парламентінің вице-спикері Шандор Лезсак, Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев, ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев, ТүркПА Бас хатшысы Мехмет Сурея Эр, Мажарстан «Тұран» қоры Президенті Андраш Биро және Мажарстан мемлекеттік органдарының және халықаралық ұйымдардың басқа да өкілдері қатысты.

Құрылтай тарихи Тұранды мекендеген кең байтақ Еуразия халықтарының мол мәдени-тарихи мұрасымен таныстырды.

Шараның ашылуында сөз сөйлеген Академия басшысы Шаһин Мұстафаев Құрылтайдың ғұн-түркі өркениетінің ажырамас құрамдас бөлігі және дала мемлекеттілігінің маңызды институты ретіндегі маңыздылығына тоқталды.

Мұстафаев өткен заманда халықтың тарихи тағдырына қатысты шешуші сәттердің, тіпті қаған сайлауына қатысты маңызды шешімдердің дәл құрылтайда қабылданғанын айта келе, Еуропаның кіндігінде осы дәстүрді сақтап, жалғастырып келе жатқан мажар бауырларына алғысын білдірді.

Құрылтайдың ашылуы аясында Мажарстан мен түркі елдерінің ынтымақтастығы мәселелеріне арналған интерактивті пікірталас форматындағы ғылыми форум өтті. Форумға түркі ынтымақтастығы ұйымдарының басшылары, сондай-ақ Мажарстан мен түркі мемлекеттерінің ресми өкілдері қатысты.

Форумда ғұн-түркі халықтарының ортақ тарихына қатысты көзқарастарды дамытуға қатысты мәселелер талқыланып, бұл тақырыпты одан әрі зерттеп, дамыту керектігі баса айтылды.

Шаин Мұстафаев форумда сөйлеген сөзінде түркі елдері тарихының біртұтас тұжырымдамасын жасаудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ ол осы бағыттағы ынтымақтастықты дамытуға және тарихи білім алмасуға ықпал ету мақсатында Түркі Академиясы жыл сайын түркі мемлекеттілігінің тарихы бойынша ғылыми конгресс өткізетінін айтты. Осылайша, Академия басшысы өткен жылы конгресс Бішкекте өткенін, ал биыл Алматыда өтуі жоспарланып отырғанын еске салды.

Форум соңында қатысушылар елдер арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтудың символы ретінде естелік сыйлықтармен алмасты.