Мұхтар Әуезовтың 125 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті

2022 жылдың 8 қыркүйек күні түркі әлемінің тұғырлы тұлғасы, қазақтың заңғар жазушысы М.О. Әуезовтің дүниеге келгеніне 125 жыл жолды. Осыған орай Алматы қаласында «М.О. Әуезов мұрасы және әлемдік өркениет» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Жиынды М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, Халықаралық Түркі академиясы, ТÜRKSOY халықаралық ұйымы, Қазақстан жазушылар одағы және Алматы қаласының әкімдігі бірлесіп ұйымдастырды. Тағылымды іс-шара М. Әуезовтың әлемдік өркениет пен адамзат ақыл-ойындағы орны мен рөлін айқындау, қазақ және әлем әдебиетінің әдеби байланысын нығайту, қазақ әдебиетінің даму үрдістерінің тарих және бүгінін саралау, қаламгер мұрасындағы Алаш парадигмасы, жалпы адамзаттық құндылықтарға негізделген озық идеаларын насихаттауға арналды. Конференция заңғар жазушының рухына тағзым етіп, ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. «Достық үйінде» өткен алқалы жиынға М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инстиутының директоры Кенжехан Матыжанов, мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Әуезов, Халықаралық Түркі академиясының Тұрақты хатшысы Асхат Кесікбаев, АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулы Кэролайн Сэвидж, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев, көрнекті фольклортанушы, академик Сейіт Қасқабасов, Халық жазушысы Олжас Сүлейменов, «М.О. Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының директоры Дияр Қонаев, Ф.М. Достаевский әдеби-мемориалдық музейінің директоры Наталья Ашимбаева, Низами атындағы Педагогикалық университетінің профессоры Қалдыбек Сейданов, Баку Славян университетінің профессоры Низами Мамедов, Печ университетінің профессоры Валентина Вегвари, сонымен қатар Әзербайжан, Қырғызстан, Мажарстан, Нидерланды, Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Ресей және басқа елдердің жетекші ғалымдары, жазушылар, зиялы қауым өкілдері, зерттеу институттарының ғылыми қызметкерлері, оқытушылар мен жас ғалымдар қатысты. Жиынның салтанатты ашылуында сөз алған Халықаралық Түркі академиясының Тұрақты хатшысы А. Кесікбаев ұйымның Мұхтар Әуезовтың мұраларын насихаттаудағы жұмыстары туралы баяндап, конференцияның табысты өтуіне тілектестік білдірді. Конференция аясында Халықаралық Түркі академиясы басып шығарған М. Әуезовтың «Қырғыздың батырлық эпосы «Манас» атты ғылыми еңбегі, әйгілі «Абай» романының әзербайжан тіліндегі толық аудармасы және белгілі ғалым Туран Теймурдың «M.Auezovun Abay romanında sәnәtkarlıg mәsәlәlәrı» атты монографиясы (әзербайжан тілінде) таныстырылды. Айта кету керек, Мұхтар Әуезовтің «Манас» эпосына арналған аталмыш еңбегі 1934 жылы жазылған. Оның 1936 жылы машинкаға терілген дайын нұсқасының көшірмесі Қырғыз Ұлттық Ғылым Академиясы Ш.Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институтындағы Қолжазбалар қорында сақталған. Ғылыми қосымша ретінде осы үлгінің толық факсимилесі де кітапқа қосымша ретінде жарияланды. Сонымен қатар жинаққа 1952 жылы 8 маусымда Фрунзе қаласында өткен «Манас» жырын зерттеуге арналған конференцияда М.Әуезовтің жасаған «Создать народный вариант «Манаса» деген әйгілі баяндамасы да енгізілді. Жазушының «Абай жолы» деген атпен әйгілі романы әзербайжан тіліне алғаш 1954 жылы аударылып, Бакуде жарық көрген болатын. Араға 68 жыл салып академия бастамасымен әзербайжанның жаңа әліпбиіне түсірілген роман қаламгердің мерейтойы жылына орай қайтадан жарияланып отыр. Сонымен қатар, Әзербайжан Ұлттық Ғылым академиясы Низами атындағы әдебиет институтының ғылыми қызметкері Туран Теймурдың «Мұхтар Әуезовтың «Абай» романынының көркемдік мәселелер» атты монографиясы жазушының шығармашылығына қатысты әзербайжан тіліндегі тұңғыш ғылыми еңбек болуымен ерекшеленеді. Алқалы жиын ертең, 29 қыркүйекте «Мұхтар Әуезов және Жаңа Қазақстан: рухани мәдениеттің қоғамдық сананы дамытудағы рөлі» атты республикалық дөңгелек үстелге жалғасады.