Моңғолия Ұлы Хурал төрағасы Түркі Академиясының басшысын қабылдады
2023 жылғы 13 маусым күні Ұланбатыр қаласына «Трансалтай тұрақтылық диалогы – гендерлік теңдік және тұрақты даму» халықаралық форумына қатысуға іссапармен келген Түркі Академиясының президенті Шаин Мұстафаев Моңғолия Ұлы Хурал төрағасы Гомбожавын Занданшатар қабылдауында болды.
Моңғолия парламентінің БАҚ және қоғаммен байланыс бөлімі хабарлағандай, кездесу басында Моңғолия Парламентінің төрағасы Г. Занданшатар Моңғолияға сапармен келген Ш. Мұстафаевқа ризашылығын білдіріп, 2014 жылдан бері Моңғолия Ғылым академиясы мен Түркі Академиясы әріптестік байланыстар аясында табысты жұмыс істеп, бірқатар ортақ ғылыми жобаларды сәтті жүзеге асырғанын атап өтті. Сонымен қатар Парламент төрағасы аталған форумның пленарлық отырысына қатысқан ғалымдар алтайтанудағы қазіргі тенденциялар, Алтай халықтарының тілдері, мәдениеті, тарихы, дәстүрі мен этносаралық байланыстарының сабақтастығы талқыланып, оларды дамыта түсудің жолдары туралы баяндамалар жасағанын жеткізді. Сондықтан Г. Занданшатар мырза бұл саладағы ғылыми-зерттеулерге назар аударып, қолдау көрсететінін жеткізді. Өз кезегінде Түркі Академиясының президенті Ш. Мұстафаев Моңғолия Ұлы Хурал төрағасына «Трансалтай тұрақтылық диалогы – гендерлік теңдік және тұрақты даму» форумының жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін құттықтап, Академия атқарып жатқан жұмыстар туралы қысқаша таныстырды. Ол Түркі Академиясы мен Моңғолия Ғылым академиясының белсенді әріптестік байланыстарын атап өтіп, өткен жылы тараптар Номгон алқабындағы бірлескен археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде Құтлұқ Елтеріс қағанға арналған ғұрыптық кешен тапқанын, бұл ғылыми соны жаңалық болғанын баяндады. Ш. Мұстафаев бұл халықаралық форумның тарихи тамыры ортақ алтай халықтарының тіл білімі, мәдениет пен ғылым саласындағы ынтымақтастығын арттыруда маңызы зор екеніне тоқталды. Сондай-ақ Академия басшысы Түркі Академиясы үшін Моңғолиямен ынтымақтастықты тереңдете түсу маңызды екенін айтты. Сонымен қатар, тараптар Моңғолияны Түркі Академиясына мүшелікке қабылдау шарттарын талқылады.