Незакет Мәмедли дүниеден озды
Белгілі ғалым, Әзербайжан Ұлттық Ғылым академиясы Мұхаммед Физули атындағы Қолжазбалар институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Незакет Мәмедлидің дүниеден өткенін қайғыра хабарлаймыз. Сопылық әдебиеті қолжазба ескерткіштерінің жетекші мамандарының бірі - Незакет Мәмедли Әзербайжан мен түркі әлемі ғылыми ортасының көрнекті өкілі болды.
Түркі Академиясы ғалымның отбасы мен жақындарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтады. Бірнеше жылдан бері Академиямен бірге жұмыс істеп, ұйымның ғылыми жобаларына қатысып келген Н. Мәмедли Әжінияз Қосыбайұлының шығармаларын қарақалпақ тілінен әзербайжан тіліне аударып, түркі халықтарының мәдени байланыстарын дамытуға маңызды үлес қосқан болатын.
Н. Мәмедлидің ғылымға деген адалдығы мен түркі әлемінің әдеби мұрасын зерттеу, сақтау және насихаттау жолындағы ерен еңбегі шынайы ғалымның үлгісі болып қала бермек.
Марқұмның топырағы торқа болсын!