Нүкіс қаласында Қарақалпақ халқының ұлы ақыны Әжінияз Қосыбайұлының кітаптарының тұсаукесері өтті
Бүгін, 13 қарашада Нүкіс қаласында Бердақ атындағы Қарақалпақ мемлекеттік университетінде қарақалпақ халқының ұлы ақыны Әжінияз Қосыбайұлының 200 жылдығына орай Түркі Академиясы шығарған екі кітаптың салтанатты тұсаукесері өтті. Ақынның шығармалары түрік және әзербайжан тілдеріне аударылып, «Karakalpak Şairi Äjiniyaz Kosıbay Ulı» және «Hacıniyaz Kosıbay oğlu: Bəylər, Tərif Edim Qalpaq Yurdunu» атауымен ұсынылды.
Іс-шараға түркі елдерінің көрнекті ғалымдары мен мәдениет қайраткерлері жиналды. Салтанатты рәсім барысында Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев, Бердақ атындағы Қарақалпақ мемлекеттік университетінің ректоры Ахмет Реймов, Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясының Мұхаммед Физули атындағы қолжазбалар институтының бас ғылыми қызметкері Назакет Мамедли, Қырғызстан Ұлттық ғылым академиясының Ш.Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институтының директоры Абдылдажан Ақматалиев және Түркиядағы Хаджи Байрам Вели университетінің профессоры Хусейн Йылдырым сөз сөйледі.
Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев өз сөзінде Академияның құрылған сәтінен бастап түркі халықтарының әдеби және мәдени мұрасын ғылыми тұрғыдан зерттеп, осы жетістіктерді әлемдік қауымдастыққа таныту жолында атқарып келе жатқан қызметін атап өтті.
«Әжінияз – тек қарақалпақ әдебиетінің көрнекті өкілі ғана емес, барша түркі әлемінің ортақ ақыны. Оның шығармашылығы ортақ мәдени-рухани құндылықтардан нәр алған», – деп атап өтті Мұстафаев.
Сондай-ақ, Академия басшысы Назакет Мамедли мен Хусейн Йылдырымға Әжінияз шығармаларының Түркия мен Әзербайжанда басылып шығуына қосқан еңбектері үшін алғыс білдірді. Ол ұлы ақынның жырларының бүгінде бауырлас түркі халықтарының оқырмандарына қолжетімді екенін атап өтіп, осы бастаманың түркі мәдениетінің әрі қарай дамуына қосар үлесінің зор екеніне сенім білдірді.
Іс-шара соңында аталған университет ректоры Ахмет Реймов Түркі Академиясына қарақалпақ тілінің жеті томдық түсіндірме сөздігін сыйға тарту етті.