Нүкіс қаласында ақын Әжінияз Қосыбайұлының 200 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті
Бүгін, 14 қарашада, Нүкіс қаласында көрнекті қарақалпақ ақыны Әжінияз Қосыбайұлының 200 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.
Түркі Академиясының қолдауымен ұйымдастырылған бұл шара Нүкіс қаласындағы «Оқ куш» (Ақ құс) кешенінде орналасқан, Гиннестің рекордтар кітабына енген әлемдегі ең үлкен жиналмалы емес киіз үйде өтті. Оған Өзбекстан мен түркі әлемінің ғылым және мәдениет саласындағы көрнекті өкілдері қатысты.
Конференцияның ашылу салтанатында Қарақалпақстан Республикасы (Өзбекстан) Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Аманбай Орынбаев, Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев және Өзбекстан Ғылым академиясының вице-президенті Бахром Абдухалимов жылы лебіздерімен бөлісті.
Шаһин Мұстафаев өзінің құттықтау сөзінде түркі әлемінде кең ауқымда тойланып жатқан Әжінияз мерейтойының маңыздылығына тоқталды. «Түркі Академиясы бұл атаулы оқиғаға арнап бірнеше жобаны іске асырып, Әжінияздың таңдаулы өлеңдері әзербайжан және түрік тілдерінде жарық көрді», – деді ол.
Сонымен қатар, Ш. Мұстафаев Түркі Академиясының басты міндеттерінің бірі – түркі халықтарының әдебиеті, тілі, мәдениеті мен тарихын ғылыми тұрғыда зерттеу арқылы олардың даму мен өркендеуіне ықпал ету екенін жеткізді. «Түркі тілдерінің термин сөздіктері» жобасы аясында қарақалпақ тілі де қамтылғанын айтып, Қарақалпақстанның ғылыми қауымына осы жылы Академияның жарыққа шығарған экономикалық, лингвистикалық және әскери терминдер сөздіктерін тарту етті.
Әжінияздың шығармашылық мұрасына арналған мазмұнды баяндамалармен жалғасын тапқан конференция концерттік бағдарламаға ұласты. Сондай-ақ, секциялық отырыстарда шара қатысушылары ақынның әдебиет пен мәдениетке қосқан елеулі үлесін жан-жақты талдап, оның шығармаларының рухани құндылығына терең бойлады.