Нобель сыйлығының иегері Түркі Академиясының басшысына құрмет көрсетті

Ағымдағы жылдың 3 маусымы күні Түркі академиясының президенті, академик Шаһин Мұстафаев Бакуде Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясы (ӘҰҒА) жалпы жиналысының Нобель сыйлығының лауреаты, АҚШ-тағы Солтүстік Каролина университетінің профессоры Азиз Санжармен кездесуге орай ұйымдастырылған арнайы отырысына қатысты.

Отырысқа Академия басшысы Ш.Мұстафаевпен қатар, ӘҰҒА президенті, академик Иса Габиббейли, Жоғары аттестаттау комиссиясының төрағасы Фамиль Мұстафаев, Әзербайжан Жазушылар одағының төрағасы, Халық жазушысы Анар, Әзербайжан баспасөз кеңесінің төрағасы Рашад Меджид, Түркияның Әзербайжандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Джахит Багчи, ӘҰҒА Президумының мүшелері, депутаттар, ғылыми мекемелері мен ұйымдарының директорлары, жоғары оқу орындарының ректорлары, жас ғалымдар және зиялы қауым өкілдері қатысты.

Іс-шара аясында ӘҰҒА Президиумының ғимаратында орналасқан ӘҰҒА–TÜBITAK үйлестіру орталығы жанынан Азиз Санжардың құрметіне кабинет ашылды. Ашылу салтанадына қатысушылар ол орталықтың Естелік кітабына жылы лебіздерін жазып қалдырды.

Бұдан кейін жиынға қатысушылар ӘҰҒА ғылыми зерттеулерінің нәтижелеріне арналған көрмені тамашалады.

Басқосуды кіріспе сөзімен ашқан академик Иса Габиббейли Нобель сыйлығының лауреаты Азиз Санжардың ғылыми жүмыстарының күллі адамзат үшін маңызының зор екендігіне тоқталды. Сондай-ақ Әзербайжан халқының Азиз Санжарға деген зор құрметі мен Мемлекет басшысы Ильхам Әлиевтің ғалыммен 3 рет кездескенін атап өтті.

Ғылым академиясының басшысы сөз соңында мәртебелі мейманға ӘҰҒА-ның құрметті мүшесі дипломын және арнайы медаль табыс етті.

Өз кезегінде түркі әлемінің ғылыми саясаты, ғылым саласындағы ынтымақтастықты арттыру бойынша сөз сөйлеген Азиз Санжар Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаевқа арнайы құрмет көрсетіп, медаль табыс етті.