Номғон-2 кешенінде табылған бітіктастың таныстырылымы өтті

Бүгін, 26-cәуірде, Ұланбатыр қаласында Түркі Академиясы және Моңғолия Ғылым академиясы Археология институтының бірлесіп ұйымдастыруымен Номғон-2 ғұрыптық кешенінен табылған бітіктастың төменгі бөлігінің таныстырылымы өтті.

Ұланбатыр қаласындағы Шыңғысхан мұражайында өткен ғылыми іс-шараға Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев, Моңғолия Ғылым академиясының президенті Дүгэрийн Рэгдэл, Қазақстанның Моңғолиядағы елшісі Ғабит Қойшыбаев, Түркияның Моңғолиядағы елшілігінің уақытша сенімді өкілі Али Саид Серденгечти, сонымен қатар дипломатиялық миссия өкілдері, институттардың басшылары және өзге де танымал ғалымдар қатысты.

Археологиялық зерттеуге қатысқан ғалымдардың мәлімдеуінше, бітіктастың жаңадан табылған төменгі бөлігінде көне қытайша мәтін бары анықталған. Номғон-2 ғұрыптық кешені Түркі қағандығының билеушісі Елтеріс Құтлық қағанға тиесілі болуы мүмкін деген пікірді алға тартып отыр.

Моңғолияның Арханғай аймағы Хашаат сұмыны Номғон алқабында орналасқан Номғон-2 - қағандарға арналған кешен болып саналады.

Айта кету керек, 2019, 2022, 2023 жылдары жүргізілген қазба жұмыстары барысында малдас құрып отырған қағаннның бәдіз тасмүсіні мен бас бөлігі табылған болатын. Сонымен қатар, бауырында екі аланы бейнеленген арыстан тас мүсіні және 5 бәдіз тас мүсіннің сынық бөлшектері анықталған.

Түркі Академиясы мен Моңғолия Ғылым академиясы Археология институты болашақта Номғон жазығының тоғызыншы ғұрыптық кешенінде археологиялық қазба жұмыстарын жалғастыруды жоспарлап отыр.