Қолданбалы және техникалық ғылымдарда да байланысты бекемдей түсу мүмкіндіктері қарастырылды
Бүгін, 20 ақпанда Ташкент қаласында Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев Өзбекстан Республикасының жоғары білім, ғылым және инновация министрінің бірінші орынбасары Комилжон Каримовпен кездесті.
Тараптар түркі әлеміндегі білім беру және ғылым саласындағы интеграцияның мүмкіндіктері туралы пікірлесті. Бұдан бөлек, ағымдағы жылға жоспарланған ортақ іс-шараларды талқылады.
Атап айтқанда, бірқатар тұғырлы тұлғалардың рухына тағзым ету, мерейтойларын атап өту қарастырылған.
Сонымен қатар, Түркі Академиясының басшысы өткен жылы Өзбекстанның ғылыми мекемелерімен бірлесіп жүзеге асырылған іс-шаралар туралы атап өтіп, қазіргі таңда өзбекстандық ғалымдарының қатысуымен атқаралып жатқан жобаларға тоқталды.
Өз сөзінде Ш.Мұстафаев Академияның қызмет аясын кеңейту жөніндегі бастамасы Мемлекет басшыларының Астанадағы Х саммиті шешімімен қолдау тауып, қолданбалы және техникалық ғылымдар бойынша да ауқымды жиындар ұйымдастырыла бастағанын атап өтті.
Тараптар ынтымақтастықтың негізгі бағыттары бойынша байланыстарды нығайта түсуге, басымдыққа ие салалар бойынша жұмыс топтарын құруға белсенді қатысуға уағдаласты.
Айта кету керек, кездесуге Түркі академиясының вице-президенті Асхат Кесікбаев та қатысты.