«Қожалы қырғының» құрбандары рухына тағзым етті
2023 жылғы 24 ақпан күні Түркі Академиясы Әзербайжан Республикасының Қазақстандағы елшілігімен бірлесіп «Қожалы қырғынының» 31 жылдығына орай, оқиға құрбандарын еске алуға арналған іс-шара өткізді.
Түркі Академиясының ғимаратында өткен еске алу шарасына Академия басшысы Шаһин Мустафаев, Әзербайжан Республикасының Қазақстандағы елшісі Агалар Атамогланов, мемлекет және қоғам қайраткерлері, әзербайжан диаспорасының өкілдері, Академия мен Елшілік қызметкерлері қатысты. Жиын аясында «Қожалы қырғыны» кезінде түсірілген фотосуреттерден арнайы көрме ұйымдастырылды. Іс-шара қақтығыс кезінде қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Академия басшысы Шаин Мустафаев жиналғандарға армян қарулы күштері жасаған Қожалы қырғыны кезіндегі қайғылы оқиғалар туралы айтып берді. "Бұл қаралы күн тек Әзербайжан Республикасының ғана емес, бүкіл әлемнің трагедиясы. Өйткені, жазықсыз адамдардың құрбан болуы – қай елде болмасын ең басты мәселе. Мұндай қылмыстар ендігі жерде дүниенің ешбір елінде және бейбіт халыққа қарсы жасалмауы үшін әлемдік қауымдастық «Қожалы оқиғасына» әділ бағасын береді деп сенемін. Алдағы уақытта адамзат тарихында осындай жантүршігерлік жағдай ешқашан қайталанбасын деп тілеймін", – деді Ш. Мустафаев. Өз кезегінде Әзербайжан Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі А. Атамогланов Қожалы оқиғасында қаза тапқандарды еске алу үшін келген қонақтарға алғысын айтып, аталған іс-шараға қолдау білдірген Түркі академиясы басшылығына ризашылығын білдірді. "Қожалы қырғыны Әзербайжан елі үшін өте ауыр соққы болды. Аяқ астынан жасалған шабуылдың кесірінен көптеген әзербайжандықтар тағдыр тауқыметін тартты. Бүгінде Қожалы оқиғасының құрбандарына арналған аллея бар. Қай елде жүрсек те, Қожалы оқиғасында шейіт болғандарды ұмытпай, еске алу – азаматтық борышымыз. Сондықтан әр жылда аталған оқиғаны еске алу үшін Елшілікте басқосу өткізіп келеміз. Ал биылғы еске алу жиынымызды түркі әлемінің интеллектуалдық орталығы Түркі академиясында өткізіп отырмыз. Осы орайда тағылымды шарамызға қолдау білдірген Түркі академиясына ризашылығымызды жеткіземіз", – деді А. Атамогланов. Айта кету керек, 1992 жылы 26 ақпан күні Әзербайжан елінің Қожалы елді мекенінде қанды оқиға орын алып, соның салдарынан 613 бейбіт тұрғын шейіт болған. Оның ішінде 63-і балалар, 106-сы әйелдер және 70-і қарт адамдар. Бұдан бөлек Қожалының 150-ге жуық тұрғыны іс-түссіз жоғалып, бүгінге дейін табылмаған. Армян әскерилерінің жазықсыз адамдарды жаппай өлтіру әрекетінің кесірінен 8 отбасы толықтай қаза болып, 25 бала тұл жетім және130 бала жартылай жетім қалған. Сонымен қатар, қарулы шабуылды ұйымдастырғандар 1275 тұрғынды тұтқында ұстаған. Қожалы елді мекенінің 5379 тұрғыны зорлыққа ұшыраған.