Ресей ғалымдары Түркі академиясын маңызды ғылыми жаңалығымен құттықтады
Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлінің атына М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы Азия және Африка елдері институтынан ұйымды жақында Моңғолияның Номғон алқабында ашқан айрықша жаңалығымен арнайы құттықтаған хат келіп түсті.
“Сіздерді жеке өзімнің және М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Азия және Африка елдері институты ұжымы атынан Моңғолияның Арханғай аймағында Түркі академиясының археолог-мамандары ашқан айрықша маңызды ғылыми жаңалығымен шын жүректен құттықтаймын. Тарихта “Түрк” атауы алғаш рет кездесетін ең көне жазба ескерткішінің табылуы дүниежүзілік ғылымда маңызды оқиға болып саналады және бұл түркологияның ғылыми сала ретінде дамуына соны серпін береді. Сізге және сіздің ұжымға бұдан әрі қарай да шығармашылық табыс тілеймін. Азия және Африка елдері институты мен Түркі академиясы арасында алдағы уақытта табысты әріптестік орнайтынына сенемін” делінген Академия басшысы Дархан Қыдырәлінің атына жолданған құттықтау хатта.