«Сагынбайдын Манасы»: енді әйгілі дастанды қарасөзбен баяндалған нұсқада оқуға болады

Баку қаласында ІІ түркі әлемінің әдебиет және кітап фестивалі аясында Түркі Академиясы мен Халықаралық Түркі мәдениеті және мұрасы қоры бірлесіп жарыққа шығарған «Манас» дастанының қарасөзбен баяндалған толық нұсқасының тұсаукесер рәсімі өтті.

Жаңа кітапқа әйгілі дастанның ең толық әрі көлемді нұсқасы делінетін Сағынбай Орозбақов арқылы жеткен мәтін арқау болған. Аталған нұсқаны әдебиеттанушы ғалымдар «Манас» эпосының классикалық үлгісі санайды. Гиннестің рекордтар кітабына енген, Қырғыз Ұлттық «Манас» театрының белгілі манасшысы Рысбай Исаков тоғыз томнан тұратын туындыны көпшілік оқырманға түсінікті жатық тілмен баяндап, бір кітапқа сыятындай ықшамдап берген. Сонымен қатар, кітапта дастанда кездесетін көнерген және басқа тілдерден алынған сөздерге түсіндірмелер қоса берілген. Тұсаукесер рәсімінде сөз сөйлеген Түркі Академиясының вице-президенті Ерхан Турбедар, оқырманға жол тартқан жаңа кітаптың түркі дүниесінің кітап қазынасына қосылған бағалы еңбек екенідігін атап өтті. «Манас» дастаны қатардағы әдеби туындылардың бірі емес. Бұл ең алдымен қырғыз халқын ұлт ретінде ұйыстыра түсетін және рухани дамуында айрықша маңызы бар мұра» деді ол. Сондай-ақ, Ерхан Турбедар өз сөзінде «Манас» жырында басқа бауырлас халықтар жалпы түркі атауымен айтылатыны, сол себепті оның барша түркі әлемі үшін бағалы қазына екендігіне тоқталды. Өз кезегінде Халықаралық Түркі мәдениеті және мирасы қорының жоба жетекшісі Мирбек Карибаев қырғыз халқының «Манас» дастаны түркі дүниесі мәдени мұралары арасында айрықша маңызды туынды екенін айтты.
Жиынның соңында еңбектің авторы Рысбай Исаков Манас дастанынан үзінділер орындап берді. Фестиваль қонақтары мен БАҚ өкілдері тарапынан кітаптың таныстырылым рәсіміне қызығушылық жоғары болғанын айта кеткен жөн.