Самарқанда Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті өтті

2022 жылғы 11 қарашада Самарқанд қаласында Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиеёвтің төрағалығымен Түркі мемлекеттері ұйымы мемлекет басшыларының отырысы өтті. Алқалы жиын «Түркі өркениетінің жаңа дәуірі: ортақ прогресс пен өркендеу жолында» атауымен бекем бауырластықтың жаңа белесіне арналды.

Саммитке Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоған, Түрікменстан тарапынан Милли Генгеш Халық Мәслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов және Мажарстан Премьер-Министрі Виктор Орбан қатысты. Сонымен қатар, басқосу қонақтары қатарында Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Бағдат Әміреев, Халықаралық Түркі академиясы президентінің міндетін атқарушы Фузули Мәжидли, ТүркПА Бас хатшысы Мехмет Сурейя Ер, ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев, Түркі мәдениеті және мирасы қорының президенті Гүнай Эфендиева болды. Отырыстың күн тәртібіне сәйкес мемлекет басшылары саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен перспективаларын талқылады. Сондай-ақ, ғылым мен білім, технология мен инновация саласындағы өңіраралық ынтымақтастықтың тиімді тетіктерін әзірлеуге ерекше назар аударылды. Саммит барысында Түркі мемлекеттері ұйымына төрағалық ету Түркия тарапынан Өзбекстанға өтті. Ал Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы лауазымына Қырғызстан өкілі Кубанычбек Омуралиев тағайындалды. Өзбекстан Республикасының Президенті Ш. Мирзиеёв өз сөзінде саммит қатысушыларына бейбітшілік пен достықтың нышаны, ежелден ғылым мен ағарту орталығы болған Самарқанд қаласын "Түркі өркениетінің астанасы" етіп жариялау туралы бастаманы қолдағаны үшін алғыс айтты. «Ежелгі түркі жері мыңдаған жылдар бойы Шығыс пен Батысты байланыстырып, әлемдік өркениеттерді жақындастырып, мәдениеттерді байытты. Біз түркі әлемінің ежелгі тарихының жарқын беттер ашқан ортақ ұлы ата-бабаларымызды мақтан тұтамыз», - деп атап өтті Өзбекстан мемлекет басшысы. Өз кезегінде Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының халықаралық аренадағы салмағы артып келе жатқанына тоқталып, Қазақстан түркі әлемінің Атажұрты ретінде ұйымға мүше барлық елмен жан-жақты қарым-қатынасты дамытуға айрықша мән беретінін жеткізді. «Ықпалдастығымызды одан әрі нығайтуға және оны жаңа белеске көтеруге мүдделіміз. Түркі ынтымақтастығына ұйытқы болған ұйымдардың тарихын зерделесек, олардың көпшілігіне Қазақстан бастамашы болғанын көреміз. ТҮРКСОЙ, ТүркПА және Түркі академиясы – соның айқын дәлелі. Бұл ұйымдар бауырлас елдердің мәдени-рухани жақындасуына өлшеусіз үлес қосып отыр», - деді ол. Қазақстан Президенті Түркі академиясының қызметі мен жетістіктерін ерекше атап өтті. Ол биыл Моңғолияда Түркі академиясы жүргізген археологиялық экспедиция нәтижесінде Түркі қағандығын қайта жаңғыртқан Құтлық қағанның құрметіне арналған бірегей кешен табылып, маңызды тарихи жаңалық ашылғанын хабарлады. «Түркі елдерінің рухани дереккөздерін зерделейтін жобаларға ерекше көңіл бөлгеніміз абзал. Биыл Түркі академиясы Моңғолияда жүргізген қазба жұмысының нәтижесінде маңызды жаңалық ашты. Екінші Түркі қағанатын қайта түлеткен Құтлық қағанның кешенін тапты. Бұл – «түркі» деген сөзі бар ең көне жазба ескерткіш. Осы орайда, мен Түркі халықтарының ортақ жазба мұрасын зерттеуге арналған «жол картасын» әзірлеуді ұсынамын. Ол үшін елдеріміздің мұрағаттары өзара ашық болуын қамтамасыз ету қажет. Келешекте соның негізінде Түркі мемлекеттері ұйымының «Цифрлық кітапханасын» құруға болады. Бұл жұмыс құнды құжаттар мен сирек кітаптарды ұрпаққа мұра етіп қалдыруға мүмкіндік берер еді», - деді Қазақстан Президенті. Қ.Тоқаев түркі мемлекеттерінің білім және ғылым саласындағы ынтымақтастығын нығайту қажеттігін айтты. Осы ретте 2023 жылы Қазақстан тарапы ІІ Түркі универсиадасын ұйымдастыруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Өз кезегінде, Садыр Жапаров Қырғызстан түркі әлемінің ажырамас бөлігі ретінде өзара түсіністік пен қолдау негізінде бауырлас түркі байланыстарын нығайту жолында белсенді жұмыс атқара бермек. Саммитте сөз алған Президент И. Әлиев Әзербайжан түркі әлемінің бекем бірігуіне әрдайым өз үлесін қосатынын және алдағы уақытта да осы ұстанымға берік болатынын айтып, әріптестерін Қарабаққа шақырды. «Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеёвқа және Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Өзбекстанның Физули ауданында салуға жоспарлаған мектебі және сол өңірде Қазақстан іргетасын көтеретін арнайы шығармашылық орталығы үшін алғысымды білдіремін. Бұл әзербайжан және өзбек, әзербайжан және қазақ халықтары арасындағы берік бауырластықтың көрінісі», - деп атап өтті И. Әлиев. Президент Р.Т. Ердоған жас ұрпақ ортақ тарихты, географияны және мәдениетті жақсы білуі үшін ғылыми зерттеулерді жеделдетуге шақырды. Ол сондай-ақ ТМҰ қамқорлығымен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының тұрақты комитетін құруды ұсынды. Өз сөзінің соңында Түркия Президенті Өзбекстанның ТМҰ-ға төрағалық ету кезеңіне сәттілік тіледі. Саммиттің құрметті қонағы Г. Бердімұхамедов Анау қаласының Түркі әлемінің 2024 жылғы мәдени астанасы болып қабылдануына, сондай-ақ 2024 жылды "Мақтұмқұлы Пырағы жылы" деп жариялануына мемлекет басшылары тарапынан көрсетілген қолдауға алғысын білдірді. Өз кезегінде, Мажарстан Премьер-Министрі В.Орбан ТМҰ бастамаларын толығымен қолдайтынын және алдағы онжылдықта «түркі көзқарасын сәтті жүзеге асыру» үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтынын айтты. ТМҰ елдері Мемлекет басшыларының отырысы аяқталғаннан кейін марапаттау рәсімі өтті. Президент Ш. Мирзиеёв түркі елдерінің бірлігін нығайтып, халықаралық аренада ортақ мүдделерді белсенді ілгерілетіп жүргені үшін Р.Т. Ердоған мен Г. Бердімұхамедовке Түркі әлемінің жоғары орденін табыс етті. Сондай-ақ саммит аясында қырғыздың көрнекті жазушысы, марқұм Шыңғыс Айтматовқа Әлішер Науаи атындағы халықаралық «Түркі әлемінің бірлігіне қосқан үлесі үшін» сыйлығы тағайындалды. Халықаралық сыйлық Садыр Жапаровқа табысталды. Өзбекстан Республикасының Президенті Ш. Мирзиеёв өткен отырыстың қысқаша қорытындысын шығарып, маңызды шешімдер мен бірқатар нақты уағдаластықтарға қол жеткізілгенін атап өтті.

Айта кету керек, ТМҰ саммитінің қорытындысы бойынша мынадай құжаттарға қол қойылды:

  1. Түркі мемлекеттері ұйымы саммитінің декларациясы;

  2. Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін құру жөніндегі Нахчыван келісіміне өзгерістер енгізу туралы хаттама;

  3. Түркі мемлекеттері ұйымы рәсімдерінің ережелерін қабылдау туралы шешім;

  4. Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысын және оның орынбасарларын, сондай-ақ Түркі академиясының президенті тағайындау туралы шешім;

  5. Түркі инвестициялық қорын құру туралы шешім.

Басқосу барысында ТМҰ-ның келесі Саммиті Қазақстанда өтетін болып келісілді.