Самарқандта Түркі мемлекеттері ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің тоғызыншы отырысы өтті.

2022 жылғы 10 қарашада Самарқандта Өзбекстанның төрағалығымен Түркі мемлекеттері ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің тоғызыншы отырысы өтті.

Басқосуға Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді, Қырғызстанның Сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаев, Түркияның Сыртқы істер министрі Мевлүт Чавушоғлу, Өзбекстанның Сыртқы істер министрі Владимир Норов, Мажарстанның Сыртқы істер және сыртқы сауда министрі Петер Сийярто, Әзербайжан Сыртқы министрінің орынбасары Халаф Алы оглы Халафов, Түрікменстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Бердынияз Мятиев, Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Бағдат Әміреев, Халықаралық Түркі академиясы президентінің міндетін атқарушы Фузули Мәжидли, ТүркПА Бас хатшысы Мехмет Сүрейя Ер, ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев, Халықаралық Түркі мәдениеті мен мирас қорының президенті Гүнай Эфендиева қатысты. Қатысушылар күн тәртібінде ұйым аясындағы аймақтық және халықаралық өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты. Сондай-ақ 11 қарашада Самарқандта өтетін Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті барысында қол қоюға ұсынылатын құжаттардың жобаларын қарастырды. Өз баяндамасында Ф.Мәджидли Академияның түркі әлемінің ортақ оқулықтары мен Құтлық қағанға арналған кешеннің табылуы сияқты маңызды жетістіктеріне тоқталды. «Биыл Астанада өткен Түркі академиясы Ғылыми кеңесінің отырысында саммиттерде қабылданған тапсырмаларға сәйкес ортақ оқулықтардың бағдарламасы мен мәтіндерін бекіткен тарихи Хаттамаға қол қойылды. Сондай-ақ Моңғолиядағы Түркі академиясы жүргізген археологиялық зерттеулер нәтижесінде көне түркі дәуіріне жататын ғұрыптық кешен мен жазу табылды. Елтеріс Құтлық қағанның құрметіне арналған бұл кешен орхон ескерткіштері табылған күннен бергі 130 жылдағы ең маңызды жаңалық болып табылады», - деді ол. Академия басшысының міндетін атқарушы алдағы Саммитте түркі интеграциясын нығайта түсетін маңызды шешімдер қабылданатынын атап өтті. «Біз бауырлас Өзбекстанның ертеңгі Саммитте Академияға бақылаушы мәртебесін алатынына өте қуаныштымыз. Тарихы бай, ортақ түркі мұрасының ажырамас бөлігі болып табылатын Өзбекстанның толыққанды мүшелікке өтуін асыға күтеміз. Біздің бақылаушы-мүшеміз Мажарстанмен ғылым және білім саласындағы қарым-қатынастарымыз қарқынды дамып келе жатқанын ерекше атап өткім келеді. Сондай-ақ, бауырлас Түрікменстан да алдағы уақытта Академияға мүше болады деп үміттенеміз». – деді Ф.Мәджидли.