Самарқандта «Өзбекстанның мәдени мұрасы – жаңа ренессанстың негізі» атты VII халықаралық конгресі өтті

2023 жылдың 5-7 қарашасы аралығында Самарқанд қаласында Өзбекстанның мәдени мұраны зерттеу, сақтау және насихаттау жөніндегі дүниежүзілік қоғамының (WOSCU) «Өзбекстанның мәдени мұрасы – жаңа ренессанстың негізі» атты VII халықаралық конгресі өтті.

Конгрестің ашылу салтанатында Өзбекстанның мәдени мұраны зерттеу, сақтау және насихаттау жөніндегі дүниежүзілік қоғамының басқарма төрағасы Фирдавс Абдухаликов, Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев, ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев, Орталық Азия және Кавказ институтының (АҚШ) төрағасы Фредерик Старр, IRCICA бас директоры Махмуд Эрол Кылыч, ЮНЕСКО-ның Өзбекстандағы өкілдігінің басшысы Сара Ношади және т.б. құттықтау сөз сөйледі. Баяндамашылар конгреске қатысқаны үшін қонақтарға алғыстарын білдірді. Олар жаһандық ғылыми қауымдастықты біріктіретін мұндай форумдардың маңыздылығы мен қажеттілігін атап өтті. Сондай-ақ Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеевтың бастамашылығымен Өзбекстан үкіметінің мәдени мұраны сақтау, зерделеу және насихаттау бағытында атқарып жатқан іргелі істерін құптады.

Түркі академиясының басшысы Ш.Мұстафаев өз сөзінде Орталық Азияның дамуына әсер еткен айтулы мәдени-тарихи құбылыстар өңірді ғасырлар мен мыңжылдықтар бойы мекендеген барлық халықтардың рухани және материалдық мәдениеті синергетикасының жемісі екенін ерекше атап өтті. Сондай-ақ, ол өңір халықтарының бірлігі, ондағы мемлекеттерінің жан-жақты ынтымақтастығы мен өзара тиімді қарым-қатынасы қазіргі және болашақтағы Орталық Азиядағы Ренессанстың, оның бай мәдениетін сақтау мен дамытудың кепілі болатынын атап өтті.

Конгресс аясында археологтар мен шығыстанушыларды марапаттау рәсімі өтті. Атап айтқанда, Түркі Академиясының президенті Ш.Мұстафаевқа Өзбекстанның мәдени мұраны сақтау, зерттеу және насихаттау жөніндегі дүниежүзілік қоғамының арнайы марапаты табыс етілді.

Бұдан кейін басқосу «Дүниежүзілік қоғам жобаларындағы Шығыс қолжазба мұрасының жауһарлары», «Өзбекстанның археологиялық және сәулет ескерткіштері: зерттеу және сақтау мәселесі», сонымен қатар ТҮРКСОЙ ұйымдастырған «Кино және БАҚ әлемі: мұраға жаңа көзқарас» және басқа да бірқатар тақырыптық талқылауларға арналған панельдік сессияларға жалғасты.

Айта кету керек, Конгреске 40 елден 300-ден астам әлемге танымал сарапшылар, сондай-ақ халықаралық ұйым өкілдері қатысқанын атап өткен жөн. Биылғы конгрессте Өзбекстанның мәдени мұраларына арналған «Әлемдік коллекциялардағы мәдени мұра» топтамасы аясында Әзербайжан, Үндістан, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей (соның ішінде Татарстан) Түркия және Өзбекстан елдерінің мәдени мұралары жинақталған альбомдарының жаңа томдары таныстырылды.

Конгресс соңында қатысушылар жиын барысында талқыланған мәселелерді қортындылап, меморандумға қол қойды.