Шушада Академия Ғылыми кеңесінің кезекті отырысы өтті
1 маусымда Әзербайжан Республикасының Шуша қаласында Түркі Академиясы Ғылыми кеңесінің VII отырысы өтті.
Жиынға Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев, Әзербайжан Республикасының Білім және ғылым министрі Эмин Амруллаев, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов, Қырғыз Республикасының Әзербайжан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Қайрат Осмоналиев, Түркия Республикасының Ұлттық білім министрінің орынбасары Назиф Йылмаз, Өзбекстан Республикасының Жоғары білім, ғылым және инновациялар министрі Қоңыратбай Шәріпов, Өзбекстан Республикасы Мектепке дейінгі және жалпы білім беру министрінің орынбасары Фархад Бакиев және Венгрия Мәдениет және инновациялар министрлігі Мемлекеттік хатшысының жоғары білім жөніндегі орынбасары Вероника Варга-Байюш қатысты.
Ғылыми кеңестің ашылуында сөз сөйлеген Академия президенті Шаһин Мұстафаев өткен жылы Академияда атқарылған қызметтер бойынша есеп беріп, ағымдағы жылдың іс шаралар жоспарымен бөлісті.
Айта кетейік, Ғылыми кеңес жылына бір рет Білім министрлерінің қатысуымен ұйымдастырылады және оған Түркі Академиясының президенті мен төрағалық ететін мүше мемлекеттің Білім министрі тең деңгейде жетекшілік етеді. Ғылыми кеңес міндетіне Түркі Академиясының қызметі туралы есебін назарға ала отырып, Академиядағы ғылыми жобалар бағыттарын және жылдық іс-шаралар жоспарын бекіту кіреді.
Осылайша, атаулы жиын барысында Түркі Академиясының 2024 жылы өтетін барлық іс шаралары мен атап өтілетін мерейтойлар тізімі, жарыққа шығатын кітаптары мен жүзеге асырылатын ғылыми жобалары ресми түрде бекітілді.
Сонымен қатар, кеңес барысында Түркі Академиясының Ғылыми кеңесінің төрағалығын Қырғыз Республикасының Білім және ғылым министрлігінен Әзербайжан Республикасының Білім және ғылым министрлігіне өткізу туралы хаттамаға қол қойылды.
Ал 2025 жылғы Ғылыми кеңес жиыны Қазақстан республикасының Астана қаласында ұйымдастырылмақ. Кеңеске жиылған қатысушылар қосымша мәдени бағдарлама аясында Физули және Шуша қалаларындағы мектептерге жолығып, “Шуша – түркі мемлекеттерінің інжу-маржаны” атты халықаралық балалар фестивалін тамашалады.