Шушада I Түркі әлемі мәдениет форумы жалғасуда

Шушада Әзербайжан халқының Жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиевтің 100 жылдығына орай ұйымдастырылған I Түркі әлемі мәдениет форумы жалғасуда.

2023 жылғы 14 қазанда Форум аясында Түркі Академиясы мен Әзербайжан Республикасының Мәдениет министрлігі ұйымдастырған «Мәдени-тарихи мұраны қорғау және қалпына келтіру саласындағы озық тәжірибе» тақырыбында панельдік сессия өтті. Панельдік сессия «Мәдени-тарихи мұраны қорғау және қалпына келтірудің озық тәжірибесі», «Мемлекеттік саясат және халықаралық ынтымақтастық» тақырыптарында ой бөлісіп, пікір алысуға арналды. Жиын басталмас бұрын Әзербайжан Республикасы Мәдениет министрлігі Мәдени мұраны қорғау, дамыту және қалпына келтіру мемлекеттік қызметінің басшысы Сабина Гаджиева Әзербайжанның, соның ішінде Шушаның бай мәдени мұрасы туралы ақпарат берді. Тарих ғылымдарының докторы, профессор, мәдениеттанушы Фуад Мамедов кіріспе сөз сөйлеп, қонақтарға панельдік сессия қатысушыларын таныстырды. Қазақ ғылыми реставрация зертханасының негізін қалаушы, реставратор-ғалым, академик Қырым Алтынбеков сессияға қатысушыларға өзінің жұмыстары туралы баяндады. Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясы Б.Джамгерчинов атындағы Тарих, археология және этнология институтының ғылыми қызметкері Айдай Сулайманованың баяндамасында Саймалы-таш жеріндегі жартастағы суреттер кеңінен таныстырылып, олардың тек түркілер үшін ғана емес, адамзат тарихы үшін де зор маңызға ие екендігі аталып өтілді. Түркияның Мәдениет және туризм министрлігі Мәдени құндылықтар мен мұражайлар бас басқармасының басшысы Зейнеп Гүл Үнал «Қарқынды үдеп келе жатқан апаттар мен дағдарыстар» тақырыбында сөз сөйлеп, мәдени мұраның біріктіруші күш екені жөнінде пікірімен бөлісті. Өзбекстан Ұлттық ғылым академиясы Бейнелеу өнері институты Мәдениет бөлімінің сарапшысы, Сәулет бөлімінің меңгерушісі Мавлюда Юсупова Өзбекстанның сәулет ескерткіштері туралы баяндама жасады. Панельдік сессия аяқталғаннан кейін іс-шараға қатысушылар түркі әлемінің бай мәдени мұрасын насихаттау мен сақтауды мақсат тұтатын "Түркі әлемінің мәдени бағыт-бағдары" бастамасының тұжырымдамасына ұсыныстарды талқылады. Түркі әлемінің Бірінші мәдени форумының нәтижесінде түркі мемлекеттері үшін тарихи-мәдени мұраны қорғау мен насихаттаудың нақты мақсаттарын айқындайтын Шуша декларациясы қабылданды.