Шушада Түркі әлемі археологиясы ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтары қауымдастығының отырысы өтті

2024 жылдың 16 қыркүйегінде Әзербайжан елінің Шуша қаласында Түркі әлемінің ғылыми-зерттеу институттары мен археология орталықтары қауымдастығының (ARICA) отырысы өтті.

Түркі Академиясы мен Әзербайжан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Археология және антропология институты бірлесе ұйымдастырған шарада түркі елдерінің жетекші археологтары мен сарапшылары бас қосты.

Жиынға Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев, сондай-ақ Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан (оның ішінде Қарақалпақстан), Мажарстан, Моңғолия және Татарстан (РФ) елдерінің ғылыми институттары мен археология орталықтарының басшылары қатысты.

Ғылыми басқосу барысында түркі елдері ғалымдарының тәжірибесін бір арнаға тоғыстыратын археологиялық экспедициялар мен зерттеулер жүргізу мүмкіндіктері талқыланды.

Академик Ш.Мұстафаев өз сөзінде Түркі Академиясы түркі халықтарының тарихы мен мәдениетінің сан алуан қырларын қамтитын ауқымды зерттеулермен белсенді түрде айналысып жатқанын атап өтті. Осыған орай, Академияда түркі халықтарының діни наным-сенімдерін, тарихын және мәдени ерекшелігін баяндайтын маңызды сәулет және археологиялық ескерткіштерді анықтауға бағытталған «Түркі әлемінің қасиетті географиясы» атты жобасы жүзеге асырылуда.

Мәселен, Академия жүргізген соңғы қазбалар қатарына Көктүрік дәуіріне жататын Моңғолияның Арханғай өңіріндегі мемориалдық кешен, сондай-ақ Сырдария бассейніндегі, оның ішінде Қазақстанның Қызылорда облысындағы оғыз жәдігерлері кіреді.

Археология саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығына баса мән берген Ш.Мұстафаев Түркі әлемінің ғылыми-зерттеу институттары мен археология орталықтары қауымдастығының хатшылығы қызметін атқару Түркі Академиясы үшін мәртебе екенін айтты.

«Академия мақсаты - бұл қауымдастықты ортақ жобаларды жүзеге асыратын тиімді алаңға айналдыру» - деген Шаһин Мұстафаев түркі әлемінің ғалымдароына радиокөміртекті анықтау бойынша бірлескен зертхана құруды ұсынды.

Сондай-ақ, шара барысында қазақ елінің археологы, тарихшы Әлкей Марғұланның туғанына 120 жыл толуы және қазақтың көрнекті археологы Кемел Ақышевтың туғанына 100 жыл толуы ерекше аталып өтті.

Шара соңында түркі әлеміндегі археологиялық зерттеулерді дамыту бойынша ынтымақтастықтың негізгі бағыттары мен қадамдары айқындалған декларацияға қол қойылды.

Айта кетейік, Түркі әлемі археологиясы ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтарының қауымдастығы (ARICA) 2023 жылдың қарашасында Самарқанд қаласында құрылған болатын.

Қызметтік талқылаулардан бөлек, қатысушыларға арнап Қарабақ аймағындағы археологиялық орындарды аралау секілді мәдени бағдарлама ұйымдастырылды.

«Шуша - өткенімізді сақтау арқылы мәдени мұрамызды гүлдендіретін болашақ қалыптастыруға шабыттандыратын қала», - деді Академия басшысы.