Ташкенте Құтлық қаған кешенінің халықаралық таныстырылымы өтті
2022 жылғы 7 қарашада Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында Халықаралық Түркі академиясы Моңғолиямен бірлескен «Номғон» экспедициясының нәтижесінде табылған Құтлық қаған кешені мен жазба ескерткішінің таныстырылымына арналған басқосу ұйымдастырды.
Шара Әлішер Науаи атындағы Ташкент мемлекеттік өзбек тілі мен әдебиеті университетінде өтті. Конференция аясында Құтлық қаған кешеніндегі археологиялық қазба жұмыстарын және ондағы табылған тарихи артефактлерді қамтитын фотосуреттер көрмесі ұйымдастырылды. Конференцияға Халықаралық Түркі академиясының президенті міндетін атқарушы Фузули Мәжидли, Әлішер Науаи атындағы Ташкент өзбек тілі және әдебиеті университетінің ректоры Шухрат Сирожиддинов, Өзбекстан Республикасы Жазушылар одағының төрағасы Сирожиддин Саидов, әзербайжан ғалымы, академик Судейф Имамвердиев, Өзбекстандағы Әзербайжан мәдени орталығының директоры Самир Аббасов, Өзбекстан қазақ ұлттық мәдени орталығының төрағасы Серікбай Үсенов, Әлішер Науаи атындағы Ташкент өзбек тілі мен әдебиеті университетінің ғылым жөніндегі проректоры Нодирбек Журакузиев, филология ғылымдарының докторы Маханбет Джусупов, Қарақалпақстанның халық ақыны Музаффар Ахмедов, Өзбекстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ақын, жазушы Мұхаммед Әли, Өзбекстан Археология институтының директоры Фарход Максудов, түрколог-ғалымдар Гайбулла Бабаяров пен Феруза Джуманиязова, Түркі академиясының сарапшысы Нәпіл Базылхан, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері мен ғалымдар қатысты. Академия президенті міндетін атқарушы Ф. Мәжидли Түркі академиясының Моңғолияда жүргізген жұмыстары мен биыл Номғон жазығында табылған Құтлық қағанға арналған кешені туралы ақпарат берді. Бұдан кейін Құтлық қаған кешенін таныстыруға арналған арнайы жиында Түркі академиясының сарапшысы Н. Базылхан аталған кешен мен көне түркі жазба ескерткіш туралы жан-жақты баяндап берді. Шараға қатысқан өзбекстандық ғалымдар Ф. Максудов, Г. Бабаяров, Ф. Джуманиязова сөз алып, «Номғон» экспедициясы тапқан Құтлық қаған кешенінің маңыздылығына тоқтап, оның түркологиядағы елеулі оқиға екенін атап өтті. Тың жаңалықтың табылуы Академияның ұзақ жылғы бірлескен ғылыми жұмыстары жемісі екенінін айтып, ұйымның еңбегін жоғары бағалады. Әсіресе кешеннен табылған бітіктастағы көне түркі, соғды және брахми жазбаларын тереңірек зерттеу түркі тарихының жаңа парақтарын ашатын айтты. Конференция соңында өзбек түркологтары Ф. Максудов мен Г. Бабаяровқа түркология саласына қосқан зор үлесі үшін Вильгельм Томсен медалі табысталды. Айта кету керек, биыл Халықаралық Түркі академиясы мен Моңғолия Ғылым академиясының Археология институты бірлесіп жүргізген Монғолияның Архангай аймағы, Номғон жазығындағы ғылыми археологиялық экспедициясы жұмыстарының нәтижесінде Құтлық Елтеріс қағанға арналған кешен мен жазба ескерткіші табылды. Осылайша Академияның Құтлық қағанға арнаған іc-шарасы Ұланбатырдан басталып, Астана, Бурса, Баку, Бішкек және Ташкент қалаларында жалғасын тапты.