Түркі Академия президенті Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының басшымен кездесті
2023 жылғы 31 қаңтар күні Алматы қаласына сапары аясында Түркі Академиясының президенті Шаһин Мустафаевтың Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының басшылығы және ұжымымен кездесуі өтті.
Кездесуге Шығыстану институтының директоры Дүкен Мәсімханұлы бастаған жетекші ғылыми қызметкерлер және Философия, саясаттану және дінтану институтының бас директоры, ҚР ҰҒА академигі Серік Сейдуманов пен белгілі шығыстанушы-тарихшы ғалым, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Меруерт Әбусейітова құрметті қонақ ретінде қатысты. Кездесу барысында келешекте түркі бірлігі және оны нығайтуға қатысты бірлескен ортақ жобаларды жасау, ғылыми кадрларды даярлау, ғылыми конференциялар өткізу және түркі халықтары тілдерінің ортақ сөздігін жасау туралы жан-жақты сөз қозғалды. Кездесуде Ш. Мустафаев Академияның қызметі мен алдағы жоспарларына тоқталып, ғылыми интеграция аясында Шығыстану институтының мамандарын ортақ жобаларды жүзеге асыруға шақырды. Институт директоры Д. Мәсімханұлы Академия басшысын Институттың атқарып жатқан жұмыстарымен және ғылыми жобаларымен таныстырды. Ол аталған институт Қазақстанның шығыстану саласындағы ірі ғылыми-зерттеу орталығы болып табылатынын атап өтті. Кездесуге қатысқан ғалымдар шығыстану саласындағы өз ойларын ортаға салып, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру бойынша ұсыныстарымен бөлісті. Кездесу соңында Д. Мәсімханұлы Академия басшысына ризашылығын білдіріп, ғалымдардың ұсыныстары негізінде алдағы уақытта ортақ жобаларды бірге атқаруға ниетті екендігін жеткізді.