Түркі Академиясы Арал өңіріндегі көне оғыз қалаларын зерттеуде
Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев Қызылорда облысы аумағындағы көне Жанкент қалашығы орынында жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстарымен танысты.
Айта кетейік, өткен жылы Түркі Академиясы мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыруға уағдаласып, ортақ хаттамаға қол қойған болатын.
Аталған ынтымақтастық аясында Қызылорда облысы аумағындағы байырғы Жанкент қалашығы археологиялық нысанын бірлесіп зерттеу, сондай-ақ қазба және іздестіру жұмыстары кезінде табылған материалдарды әрі қарай зерделеп, ғылыми айналымға енгізуді көздейді.
Археологиялық қазба жұмыстарының барысымен танысқан Түркі Академиясының президенті Ш.Мұстафаев жобаның сәтті жүзеге асатынына сенім білдіріп, жұмыс жоспарға сай жүріп жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, Академия президенті өңірдің тарихи мұрасын зерттеу мен сақтауға қосқан құнды үлестері үшін ғалымдар мен мамандарға алғысын білдірді.
Ежелгі Жанкент қалашығы бүкіл Орталық Азия аймағының ерте ортағасырлық тарихы мен археологиясында маңызды орын алады. Ескерткіш б.з. VII-X ғғ. Оғыз Жабғу мемлекетінің құрылуы басталған Сырдарияның сол жағалауында, қазіргі Қызылорда облысы Қазалы ауданы аумағында орналасқан. Жазба деректерде бұл жерде қала мәдениеті өркендегені туралы айтылады.
Жанкент қалашығындағы қазба жұмыстары барысында ең көнелері VIII-IX ғасырларға жататын Жетісу және Шу өзені аңғарларынан алынған артефактілерге ұқсас археологиялық материалдар табылған.
Мамандардың болжамы бойынша, «Батпақты қоныстар» Орталық Азиядағы бірегей мәдениет ошағы боп саналады. Сонымен қатар, бұл зерттеудің нәтижелері Оңтүстік-Шығыс Арал өңірінде мекен еткен ерте ортағасырлық қалалар тұрғындары туралы болжам жасауға негіз бола алады.