Түркі Академиясы ҚазҰУ-мен бірге ясауитануды дамытады
Түркі Академиясы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен бірлесіп Қожа Ахмет Ясауи мұраларын тану бағытындағы ғылыми ізденістер ауқымын кеңейте түспек.
Бұл туралы, бүгін, 2023 жылдың 22 желтоқсанында Алматы қаласында Түркі Академиясы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен бірлесіп өткізген «Қожа Ахмет Ясауи мұрасы және түркі халықтарының рухани әлемі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында белгілі болды.
Айта кету керек, аталған тағылымды іс-шара Қожа Ахмет Ясауидің туғанына 930 жыл толуына арналды.
Әл-Фараби кітапханасында өткен конференцияға Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, әзербайжандық профессор Фузули Баят, түркиялық профессор Ибараһим Мараш, басқа да бірқатар елдерден келген түркітанушы және шығыстанушы ғалымдар, оқу ордасының оқытушы-профессорлар құрамы мен білім алушы жастар қатысты.
Жиында Қазақстан Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.
«Қожа Ахмет Ясауи – түркі өркениетін дамытуға өлшеусіз үлес қосқан тұғырлы тұлға. Оның адамзатты ізгілікке бастайтын еңбектерін жан-жақты зерттеп, насихаттаудың мән-маңызы зор. Бұл ретте тағылымды әрі танымды іс-шаралардың ұйымдастырылуы құптарлық іс. Бауырлас елдер үшін Түркістан төріндегі Ясауи кесенесі мызғымас діңгек, қастерлі мирас. Мемлекет оны заман талабына сай жаңғыртып, кеңінен дәріптеуге көп көңіл бөледі. Осы кесенеге «Ұлттық тарихи-мәдени ескерткіш» мәртебесінің берілуі соның айқын дәлелі. Қожа Ахмет Ясауидің мол рухани мұрасын ұлықтауға арналған бүгінгі алқалы жиын игі бастамалар мен ілкімді істерге жол ашады деп сенемін», – делінген құттықтау хатта.
Конференцияның ашылу салтанатында сөз сөйлеген ҚазҰУ басшысы Жансейіт Түймебаев Қожа Ахмет Ясауи қазақ халқының ғана емес, бүкіл түркі әлемінің баға жетпес ғұламасы екенін айтты. Биылғы Ясауи мерейтойын атап өтудің маңызды екенін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың да атап өткеніне тоқталған ол арнайы ясауитану орталығын немесе институтын ашу туралы пікірін ортаға салды.
Өз кезегінде Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев: «Қожа Ахмет Ясауидің түркі халықтарының мәдени, рухани өміріндегі орны бір төбе. Ол түркі жерінде ислам өркениетінің кеңінен таралып, қанат жаюына ықпал етті. Ойшылдың «Диуани хикмет» атты еңбегі біз үшін құнды жәдігер. Сондықтан ұлы ғұламаның өмір жолы мен ғылыми еңбектерінде түркі әлемі ерекше әспеттеледі», – деп атап өтті.
Тағылымды басқосу ашылу салтанатынан кейін секциялық отырыстармен жаоғасты. Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Татарстан (РФ) елдерінен келген профессорлар, түркітанушылар мен шығыстанушы ғалымдар баяндама жасап, Қожа Ахмет Ясауи мұраларын зерттеп-зерделеу мәселелері бойынша пайымды пікірлерімен бөлісті.