Түркі академиясы көрнекті түрколог Н.Ф. Катановқа арналған семинар өткізді
2022 жылғы 10 маусымда Халықаралық Түркі академиясы белгілі түрколог, ғалым, хакас халқының көрнекті ұлы Николай Федорович Катановтың 160 жылдық мерейтойына арналған «Дүниежүзі түркологтарының мерейтойлары: тарихы және қазіргі заман» атты онлайн-семинар өткізді.
Семинарға Башқұртстан (РФ), Татарстан (РФ), Түркия және Хакасия (РФ) мемлекеттерінен танымал түрколог-ғалымдар, тарихшылар мен педагогтар қатысты. Жиын аясында Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі семинарды ашып, қатысушыларға құттықтау сөз сөйледі. «Н.Ф. Катановтың мұрасы 19 ғасырдың екінші жартысы мен 20 ғасырдың басындағы классикалық түркологияның қалыптасу дәуірінің алтын қорына жатады. Оның Сібір мен Шығыс Түркістан, Еділ мен Орталық Азия халықтарының тілі, фольклоры мен этнографиясына арналған еңбектері әрқашан ғылыми нақтылығымен және зерттеу тәсілдерінің тереңдігімен ерекшеленді. Оның «Опыт исследования урянхайского языка» атты еңбегі Ресей және әлемдік түркологияның дамуына айтарлықтай үлес қосып, жаңа серпін берді», – деді Академия басшысы. Бұдан әрі семинарға қатысушылар Н.Ф. Катановтың жалпы түркология ғылымын дамытудағы рөлі, оның мұрасының деректанулық тұрғыдағы құндылығы, ғалымның хакас халқының этникалық тарихын зерделеуге қосқан үлесі және т. б. өзекті мәселелер бойынша баяндамалар жасады. Сонымен қатар, семинар барысында Н.Ф. Катановтың мұрасын зерттеу бойынша ғылыми жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері талқыланды. Онлайн семинарға Ыстамбұл университетінің профессоры Осман Фикри Серткая, Қазан федералды университетінің профессоры Рамиль Валеев, Ресей Ғылым академиясының Уфа федералдық ғылыми-зерттеу орталығының Тарих, тіл және әдебиет институтының жетекші ғылыми қызметкері, PhD Ахат Салихов, Н.Ф.Катанов атындағы Хакас мемлекеттік университетінің мектепке дейінгі арнайы білім беру кафедрасының профессоры Клавдия Султанбаева, Бейкент университетінің оқытушысы, PhD докторы Гүлжан Иналджик, Н.Ф.Катанов атындағы Хакас мемлекеттік университетінің Тарих және құқық институтының тарих кафедрасының доценті Артур Қыржинаков, Н.Ф.Катанов атындағы Хакас мемлекеттік университетінің доценті Каврис Торбостаев. Жиынға Халықаралық Түркі академиясының аға сарапшысы Тимур Козырев модераторлық етті.