Түркі академиясы мен МҒА Археология Институты әріптестік байланыстарды нығайтуға уағдаласты

2022 жылғы 24 тамызда Моңғолиядағы іссапар аясында Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі Моңғолия Ғылым академиясының президенті Дүгэрийн Рэгдэлмен және Ғылым академиясының Археология институтының директоры Гелегдорж Эрэгзэнмен кездесті.

Кездесуде тараптар түркі-моңғол ынтымақтастығы мен оның нәтижелеріне жоғары баға беріп, алдағы уақытта жоспарланған жобалар бойынша жөнінде пікір алмасты. Сонымен қатар, кездесу барысында Түркі академиясы мен Моңғолия Ғылым академиясының Археология институты арасында бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру туралы келісім жасақталды. Меморандумға Академия басшысы Д. Қыдырәлі мен Археология Институтының директоры Г. Эрэгзэн қол қойды. Кездесу соңында Академия президенті Д. Қыдырәлі көп жылғы бірлескен білім және ғылыми-зерттеу жұмыстарының табысты нәтижелеріне ризашылығын білдіріп, Археология институтының директоры Г. Эрэгзэнді Вильгельм Томсен медалімен, ал білескен зерттеу тобының Моңғолия жағының жетекшісі, доктор (Ph.D) А.Энхтурды Түркі академиясының Алтын медалімен мараттады. Сондай-ақ ұйым басшысы Дархан Қыдырәлі Түркі Академияның моңғол бағытында басып шығарған бағалы басылымдарын Ғылым академиясының кітап қорына тарту етті. Айта кету керек, Халықаралық Түркі академиясы Археология институтымен бірлесіп 2014 жылдан бері Бұлған аймындағы Шивээт-Улаан, Арханғай аймағындағы Номғон тарихи кешендерде ғылыми зерттеу жұмыстарын жүзеге асырып келеді. 2022 жылы жоба аясындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының кезінде түрік қағанына арнап тұрғызылған Номғон ғұрыптық кешенінде көне түркі бітіг және соғды жазулары қашалған жаңа ескерткіш табылды. Бұл соңғы жылдардағы маңызды ғылыми жаңалықтардың бірі болып саналады. Осы айтулы оқиғаға байланысты Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі Моңғолия арнайы іссапармен барып, Номгон кешенінде жаңадан табылған жәдігерлермен танысты.