Түркі академиясы мен «Мажар-Тұран» халықаралық қоры ынтымақтастықты арттыруда
2022 жылдың 31 қазанында Халықаралық Түркі академиясы президентінің міндетін атқарушы Фузули Мәжидли «Мажар-Тұран» халықаралық қорының төрағасы, антрополог Андраш Биромен кездесті.
Қазақстандағы сапары аясында Түркі академияға арнайы келген Андраш Биро ұйымның жұмысымен танысып, Түркі музейі және кітапханасын аралап көріп, құнды жәдігерлер мен Иштван Қоңыр Мандокидың жеке кітап қорымен танысты. Кездесуде Академия басшысы міндетін атқарушы Мажарстанда А. Бироның жетекшілігімен дәстүрлі түрде өтетін Құрылтайдың тамырлас мажар және түркі жұрттарының ынтымағын бекемдеудегі маңыздылығына тоқталды. Ф. Мәжидли күллі түркі әлемінің ғылыми сабақтастығы мен мәдени байланыстарына арқау болған мажар ғалымдарының еңбектерін насихаттаудағы Түркі академиясының бағыттарын атап өтті. Сонымен қатар, ол мажар тарапын түркология және антропология салалары бойынша тығыз жұмыс жасауға шақырды. Өз кезегінде А. Биро Түркі академиясының тамырлас елдердің ортақ мұраларын зерттеп, халықтардың бауырластығын арттыруда атқарып жатқан жұмыстарын жоғары бағалап, ризашылығын білдірді. Ол ғылыми ынтымақтастықты одан әрі дамытып, алдағы уақытта бірлескен жобалар жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ, А. Биро Түркі академиясын «Мажар-Тұран» халықаралық қорымен бірлесіп, желтоқсан айында Будапешт қаласында Құтлық қағанға арналған көрме ұйымдастыруға шақырды. Жиында соңында Ф. Мәжидли «Мажар-Тұран» халықаралық қорының төрағасына ілтипат білдіріп, Академияның антропология бағытында басып шығарған бағалы кітаптарын тарту етті.