Түркі Академиясы президенті мен TOBB басшысының кездесуі
Бүгін Анкарада Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев Түркия Палаталар және биржалар одағының (TOBB) төрағасы Рифат Хисаржыклыоғлумен кездесті. Кездесу екі ұйым арасындағы ынтымақтастықты нығайту және жаңа жобаларды талқылау мақсатында ұйымдастырылды.
Кездесу барысында бірлескен жобаларды жүзеге асыру, соның ішінде TOBB-ның Түркі Академиясының түркі елдерінің экономикасын зерттеу бағытындағы бастамаларына қатысу мүмкіндіктері талқыланды. Сонымен қатар, түркі әлеміндегі экономикалық интеграция мен сауданы дамытуға арналған жыл сайынғы ортақ баяндамаларды әзірлеу мәселесіне ерекше назар аударылды.
Бұған дейін Түркі әлемі Сауда және өнеркәсіп палаталары одағының (TCCI) төрағасы қызметін атқарған Рифат Хисаржыклыоғлу бауырлас елдер арасындағы ғылыми және экономикалық ынтымақтастықты тереңдетудің маңыздылығын атап өтті. Кездесу тараптарға аталған салалардағы ынтымақтастықты жандандырудың жаңа жолдарын талқылауға мүмкіндік берді.
Кездесуге сондай-ақ Түркі Академиясының вице-президенті Асхат Кесікбаев пен TCCI Бас хатшысы Адем Құла қатысты.