Түркі академиясы Шушада халықаралық конференцияға қатысты
2022 жылдың 19-20 мамыр аралығында Әзербайжанның мәдени астанасы-Шуша қаласында "Жанжалдан кейінгі гуманитарлық күн тәртібін дамыту: мәдени ортаны жандандыру арқылы тұрақты даму" атты халықаралық конференция өтті.
Конференцияға Түркі мемлекеттер ұйымының Бас хатшысы Бағдад Әміреев, ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтанбай Раев, Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Гүнай Эфендиева, Әзербайжанның мәдениет министрі Анар Керімов, Мәдени мұраны қорғау, дамыту және қалпына келтіру жөніндегі Мемлекеттік қызметтің басшысы Азад Джафарли, ИСЕСКО Бас директоры Салим бин Мұхаммед әл-Малик, БҰҰ Өркениеттер альянсының жоғарғы өкілі Мигель Анхель Моратинос, Мальта ұлттық комиссиясының ЮНЕСКО-дағы бұрынғы басшысы Раймонд Бондин, Халықаралық Түркі академиясының тұрақты хатшысы Асхат Кесікбаев, сонымен қатар халықаралық ұйымдардың өкілдері мен танымал ғалымдар қатысты. Екі күндік конференцияда түрлі бағытта баяндамалар жасалып, ұсыныстар айтылды. Алқалы жиынның пленарлық отырысына қатысқан Түркі академиясының тұрақты хатшысы А. Кесікбаев ұйымның Әзербайжан бағытында атқарып жатқан жұмыстары мен алдағы жоспарлары туралы баяндады. Айта кетейік, «Бейбітшілік мәдениет үшін» жаһандық үндеуінің негізгі бағыты қақтығыстан кейінгі кезеңде оккупациядан босатылған елдердің аумақтарындағы мәдени инфрақұрылымды қалпына келтіру, осы жерлерге ұлттық-рухани құндылықтарды қайтару үшін бейбітшілікті қамтамасыз ету болып табылады.