Түркі Академиясының басшысы «Өмір сүруге қолайлы және тұрақты дамуға лайықты мұра-қалалар» халықаралық конференциясына қатысты

2023 жылдың 10 қазанында Бакуде Түркі мемлекеттері ұйымы және «Ичеришехер» мемлекеттік тарихи-сәулет қорығы ұйымдастырған «Өмір сүруге қолайлы және тұрақты дамуға лайықты мұра-қалалар» халықаралық конференциясы өз жұмысын бастады.

Конференцияға мемлекет және қоғам қызметкерлері, Әзербайжан Республикасы Милли Меджлисінің депутаттары, ғылыми зерттеу орталықтары мен халықаралық ұйымдардың өкілдері, жоғары оқу орындарының басшылары қатысты. Конференцияның ашылу салтанатына Түркі мемлекеттері ұйымы Бас хатшысының орынбасары Сади Джафаров, Түркі Академиясының президенті Шаин Мұстафаев, «Ичеришехер» мемлекеттік тарихи-сәулет қорығы басқармасының төрағасы Шахин Сейидзаде, Әзербайжан Республикасы Мәдениет министрінің орынбасары Саадат Юсифова, Әзербайжан Республикасы Мемлекеттік туризм агенттігі төрағасының орынбасары Азаде Гусейнова, ТҮРКСОЙ Бас хатшысының орынбасары Саит Юсуф, Халықаралық Түркі мәдениеті мен мирасы қорының жобалар бөлімінің жетекшісі Нури Аксу, Әзербайжан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің арнайы өкілі, Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі, Әзірбайжан Республикасы ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының Бас хатшысы Сеймур Фаталиев, ICCROM (Мәдени құндылықтарды қорғау және қалпына келтіру мәселелерін зерттеу жөніндегі халықаралық орталық) ұйымының директоры Джозеф Кинг және Бүкіләлемдік мұра-қалалары ұйымының бас хатшысы Майкл Де Теис сөз сөйлеп, конференция жұмысына сәттілік тіледі. Басқосудың ашылуында сөз алған Түркі мемлекеттері ұйымы Бас хатшысының орынбасары Сади Джафаров ТМҰ бай мәдени мұраларымызды қорғауда және оны келешек ұрпаққа жеткізуде маңызды рөл атқаратынын айтты. Сондай-ақ ол Ұйымның халықаралық институттармен ынтымақтастыққа үлкен мән беретінін атап өтті. Түркі Академиясының басшысы Ш. Мұстафаев өз сөзінде мұра-қалалардың ортақ тарихымыз бен мәдени болмысымызда маңызды орын алатынына тоқталды. Ол осы орайда аталған конференцияның тақырыбы қалалардың тұрғындар өміріне қолайлы және болашақ ұрпақ үшін тұрақты болуын қамтамасыз ету мен бірегей мұралардың тарихи құндылығын сақтау арасындағы тепе-теңдікті ұстану қажеттігіне бағытталғанын жеткізді. Осы ретте Ш.Мустафаев Түркі Академиясының түркі әлемінің мәдени бағыт-бағдар бағдарламасын әзірлеуге де өз үлесін қосып жатқанын, түркі әлеміндегі урбанизацияға қатысты зерттеулер жүргізіп, бұл бағыттағы жұмыстарды қолдауға дайын екенін жеткізді. 2023 жылдың 13 қазанына дейін жалғасатын халықаралық конференцияда тарихи қалаларды басқару жұмыстары, тарихи ескерткіштерді сақтау және қалпына келтіру, сондай-ақ тұрақты туризм, тарихи қалалар мен қорықтардағы цифрлық трансформация, музей жұмысын ұйымдастыру және т.б. тақырыптар талқыланады. Конференцияда «Қалалардың/ескерткіштердің тұрақты мұрасы: ескерткіштерді тиімді басқару және сақтау арқылы мәдени ортаны жандандыру», «Мұра-қалалардағы/ескерткіштердегі тұрақты туризмді дамыту», «Мұра қалаларының музейлері инновациялық және креативті кеңістіктер ретінде» сияқты тақырыптар бойынша панельдік сессияларды қамтиды. Сондай-ақ жиын аясында ТМҰ елдерінің түркі ескерткіштерін басқару желісін құру туралы «Баку декларациясына» қол қойылды. Желіні құру 2022 жылы 11 қарашада Өзбекстанның Самарқанд қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының IX Саммитінде ұсынылған болатын. Ұсыныс бірауыздан қабылданып, саммиттің қорытынды декларациясына енгізілген. Желіні құрудың негізгі мақсаты – ТМҰ мүшелері және бақылаушылары болып табылатын мемлекеттер арасындағы мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және бірлесіп ілгерілету саласындағы ынтымақтастықты кеңейту болып табылады.