Түркі Академиясының басшысы ТҮРКСОЙ Тұрақты Кеңесінің 40-шы отырысына қатысты

2023 жылғы 13 қазанда Шуша қаласында ТҮРКСОЙ мәдениет министрлерінің Тұрақты Кеңесінің 40-шы отырысы өтті.

Отырысқа Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы Кубанычбек Өміралиев, ТҮРКСОЙ бас хатшысы Сұлтан Раев, Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев, ТүркПА бас хатшысы Мехмет Сурея Ер, Әзербайжан Республикасының мәдениет министрі Адил Керимли, Әзербайжан Республикасы Президентінің Шуша ауданындағы арнайы өкілі Айдын Керимов, Қырғыз Республикасы мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрінің бірінші орынбасары Қайрат Иманалиев, Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрінің орынбасары Сердар Чам, Өзбекстан Республикасы мәдениет министрінің бірінші орынбасары Баходир Ахмедов, Солтүстік Кипр Түрік Республикасы премьер-министрінің орынбасары, туризм, мәдениет, жастар және қоршаған орта істері министрі Фикри Атаоглу, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Күміс Сейітова қатысты. Алқалы жиын барысында ТҮРКСОЙ ұйымының атқарған жұмыстары талқыланды және 2024 жылға арналған міндеттер мен жоспарлар айқындалып, тиісті шешімдер қабылданды. Отырыстың ашылуында сөз сөйлеген ТҮРКСОЙ бас хатшысы Сұлтан Раев биылғы кездесу маңызды жылмен тұспа-тұс келгенін атап өтті. Ол биыл жыл бойы түркі әлемі Әзербайжан халқының жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиевтің туғанына 100 жылдығын, Түркия Республикасының құрылғанына 100 жыл толуын және ТҮРКСОЙДЫҢ 30 жылдығын атап өтіп жатқанын жеткізді. Отырыста сөз алған Академия басшысы Ш.Мұстафаев түркі әлеміндегі ғылым мен білім саласындағы интеграцияны жеделдету үшін құрылған Түркі Академиясы ТҮРКСОЙ ұйымымен өте тығыз ынтымақтастықта екенін жеткізді. Осы орайда ол Түркі Академиясы түркі тарихын, тілін, мәдениетін ғылыми зерттеу мен оларды әлемге таныстыру бойынша көптеген жаңа және кешенді жобаларды жүзеге асырып, түркі әлемінің түпкір-түпкірінде іс-шаралар ұйымдастырып жатқанын атап өтті. Өз сөзінің соңында Академия президенті Түркі әлемінің ғылым және білім беру саласындағы интеграциясын қолдау үшін түрлі салаларда ортақ платформалар мен тетіктерді құрудың маңыздылығына тоқталып, ұзақ мерзімді қызметті жүзеге асыру үшін Түркі Академиясы ТҮРКСОЙ және Халықарлық Түркі мәдениеті мен мирасы қоры сияқты қанаттас ұйымдардың бастамаларын қолдайтынын мәлімдеді.