Түркі Академиясының президенті Ашхабадта өтіп жатқан Жібек жолы жөніндегі үшінші субөңірлік конференцияға қатысуда
2024 жылғы 5-9 желтоқсан аралығында Ашхабад қаласында ЮНЕСКО мен Жапонияның (FIT) «Жібек жолын Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізу процесін қолдау» жобасының үшінші кезеңі аясында Жібек жолы жөніндегі үшінші субөңірлік конференция мен практикалық семинар өтуде. Бұл іс-шара Каспий-Еділ дәлізін ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне ұсынуға дайындық мәселелерін талқылауға арналған.
Конференцияға Әзербайжан, Иран, Қазақстан, Ресей және Түркіменстанның ұлттық үйлестірушілері мен сарапшылары қатысуда. Жиын барысында Каспий-Еділ дәлізін ЮНЕСКО тізіміне енгізуге негіздеме әзірлеу, карталар атласын құру, тарихи-мәдени нысандарды түгендеу және өңірдің су асты мұрасын зерттеу мәселелері қарастырылып жатыр. Құжаттаманы жетілдіру мақсатында қашықтықтан зондтау сияқты заманауи технологияларды қолдану жолдарына да айрықша назар аударылуда.
Іс-шараның басты міндеттерінің бірі – номинацияны дайындау бойынша жол картасын бекіту. Сонымен қатар, қатысушы елдер арасындағы үйлестіруді нығайту, мәдени мұраны зерттеудің заманауи әдістерін енгізу және тарихи мұра нысандарын басқару жүйесін жетілдіру мәселелері талқылануда.
Түркі Академиясының президенті, профессор Шаһин Мұстафаев өз сөзінде Каспий-Еділ дәлізінің көне сауда жолдарының орталық торабы ретіндегі маңызын ерекше атап өтті. Ол бұл жобаның мәдени мұраны зерттеудегі ықпалы мен өңірдегі туризмнің қарқынды дамуына қосар үлесін ерекше бағалады.
Айта кетейік, ЮНЕСКО мен Жапонияның Траст қоры (FIT) жобасы аясында бұған дейін Чанъань-Тяньшань дәлізі (2014 ж.) және Зарафшан-Қарақұм дәлізі (2023 ж.) Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізілген болатын. Жобаның үшінші кезеңінде Шығыс пен Батыс арасындағы тарихи сауда және мәдени байланыстарды қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарған Каспий-Еділ аймағына ерекше назар аударылып отыр.