Түркі академиясының президенті Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрімен кездесті

2023 жылғы 25 қаңтарда Түркі Академиясының президенті Шаһин Мустафаев Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекпен кездесті.

Екі жақты кездесуде тараптар түркі әлеміндегі ғылым саласы бойынша ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, 2023 жылы наурыз айында Бішкек қаласында Түркі Академиясына мүше мемлекеттердің Білім және ғылым саласына жауапты министрлерінің қатысуымен өтетін Ғылыми кеңестің кезекті отырысының күн тәртібі пысықталды. Ш. Мустафаев бауырлас елдердің ғылыми ұйымдар арасындағы әріптестік байланыстардың одан әрі нығайтудың маңыздылығына тоқталып, осы орайда Түркі әлемі Ұлттық ғылым академиялары одағының әлеуеті зор екенін атап өтті. Сондай-ақ Академия басшысы гуманитарлық саладағы ортақ жобаларға қазақстандық ғалымдардың белсенді қатысатынына сенім білдірді. Өз кезегінде министр С. Нұрбек Академияның бастамаларына қолдау көрсетінін жеткізіп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі. Кездесу соңында Академия басшысы министрге ұйымның түркология бағыты бойынша басып шығарған еңбектерді тарту етті.