Түркі Академиясының президенті ХХІ халықаралық туризм және өнер фестиваліне қатысты
Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев Аланияда өткен 21-ші халықаралық туризм және өнер фестиваліне қатысты. Биылғы фестивальді Алания өлкесінің басшылығы «Түркі Республикалары — Түркияның 100 жылдығына» тақырыбымен ұйымдастырды.
Фестиваль Алания қаласындағы Ататүрік ескерткішінің алдынан ресми тұлғалар мен мәртебелі меймандар қатысқан салтанатты шерумен басталды. Бұдан әрі Түркі халықтарының фольклоры, ұлттық киімдері мен музыкалық мәдениетін көрсететін мерекелік бағдарламаға жалғасты. Фестивальдің ашылу салтанатына Академия басшысымен қатар, Алания мэрі Адем Мурат Йүжел, Түркі ынтымақтастығы ұйымдарының басшылары мен өкілдері, түркі елдерінің мемлекет және қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдері қатысты. Салтанатты жиында құттықтау сөз сөйлеген Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев Алания қаласының басшылығына маңызды ісшараға шақырғаны үшін ризашылығын білдіріп, фестивальдің түркі әлемінің бірлігін нығайта түсудегі маңызына тоқталды. “Түркия Республикасының 100 жылдығын атап өту аясында Түркі әлемінің бірлігіне баса назар аударылуы мәнісі терең қадам болды. Өйткені, Түркия Республикасы тәуелсіздіктерінің 32-ші жылында аяқ басқан бауырлас елдерге әрқашан үлгі болды. Түркия кезінде азаттығын аңсаған барлық түркі республикалары үшін бағдар алатын темірқазық болды. Сондықтан біздің Түркияның ғасырлық мерейтойына Түркі Республикаларының қатысуы маңызы зор шешім екені сөзсіз”, - деді Академия басшысы. Сонымен қатар, Ш.Мұстафаев ұлы көшбасшы Мұстафа Кемал Ататүріктің мемлекет құрудағы тарихи рөлі туралы да айтты. Салтанатты іс-шара соңында қатысушылар арнайы фотокөрмені, сондай-ақ түркі халықтарының ұлттық киімдері үлгілерін тамашалап, туыс халықтар тағамдарынан жасалған дастарханнан дәм татты. Үш күнге жоспарланған фестиваль аясында түркі әлемінің ұлттық мәдениетін, музыкасы мен би өнерін паш ететін көптеген бағдарламалар көпшілік назарына ұсынылды.