Түркі Академиясының президенті «Ұлы бабалар мұрасы – үшінші Қайта өрлеу дәуірінің негізі» атты VIII халықаралық конгреске қатысты

2024 жылдың 23-26 тамызы аралығында Ташкент және Самарқан қалаларында Өзбекстанның мәдени мұрасын зерттеу, сақтау және насихаттау жөніндегі бүкіләлемдік қоғамының (WOSCU) ұйымдастыруымен «Ұлы бабалар мұрасы – үшінші Қайта өрлеу дәуірінің негізі» атты VIII халықаралық конгресс өтті.

Іс-шараға 35 елден 300-ге жуық ғалымдар, мамандар мен зерттеушілер қатысты. Олардың арасында Ислам тарихы, өнері және мәдениетін зерттеу халықаралық орталығының (IRCICA), Ислам білім, ғылым және мәдениет ұйымының (ICESCO), Түркі мәдениеті халықаралық ұйымының (ТҮРКСОЙ), Әл-Фурқан қайырымдылық қорының басшылары, сонымен қатар, Әлем мұсылмандарының лигасы және басқа да халықаралық ұйымдардың өкілдері болды.

Халықаралық шараның алғашқы күнінде қатысушылар Ташкенттегі Ислам өркениеті орталығына барып, конгрестің ашылу салтанатын және аталған орталық пен WOSCU жобаларының тұсаукесер рәсімін тамашалады.

Жиында сөз алған Түркі Академиясының басшысы Шаһин Мұстафаев ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, форумның Орталық Азияның тарихы мен мәдениетін зерттейтін ғылыми қауымдастықты біріктіру үшін маңызды алаң екенін айтты.

Академия басшысы 24 тамызда Самарқанд қаласында өткен тақырыптық кездесулерге қатысып, түркі халықтарының мәдени мұрасын сақтау мен зерттеуде халықаралық ынтымақтастық қажеттілігіне тоқталды, сондай-ақ Түркі Академиясының қызметі аясына кіретін жаңа бастамалар ұсынды.

Отырыстар барысында ауқымды мәселелерді қамтитын «Исламға дейінгі кезеңдегі Орталық Азия: мемлекеттілік, рухани өмір және мәдениетаралық диалог», «Бірлескен тарихи киножобалардағы руханият пен ағартушылық», сондай-ақ «Өзбекстанда және Орталық Азияда сәулет және қала құрылысын дамытудың өзекті мәселелері» секілді басқа да бірқатар тақырыптар талқыланды.

Шаһин Мұстафаевтың жұмыс сапары барысында Түркі Академиясы мен Өзбекстандағы Ислам өркениетінің орталығы арасында маңызды ынтымақтастық Меморандумына қол қойылды. Аталған Меморандум ғылыми ақпарат алмасу, кітапханалар арасындағы байланысты нығайту, бірлескен конференциялар мен семинарлар өткізу, сондай-ақ ортақ ғылыми еңбектерді шығару секілді бағыттарда өзара тиімді ықпалдастықта болуға мүмкіндік береді.

Конгресс пленарлық отырыспен қатар семинарлар, көрмелер, экскурсиялар және «Sharq Taronalari» атты халықаралық музыка фестивалі секілді ғылыми және мәдени бағдарламаларды қамтыды. Айта кету керек, Самарқандағы халықаралық музыка фестивалінің ашылуына Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиеев қатысты.

Өзбекстандағы іс-сапарын қорытындылай келе, Академия басшысы Шаһин Мұстафаев форумның нәтижелері бауырлас халықтар арасындағы мәдени байланыстарды дамытуға маңызды үлес қосатынына сенімін білдірді.