Түркі Академиясының президенті Парижде ЮНЕСКО ұйымдастырған Жібек жолы мұрасына арналған іс-шараға қатысты

4 желтоқсанда Түркі Академиясының президенті Парижде ЮНЕСКО ұйымдастырған «Мұра және мәдениетаралық алмасу: Жібек жолындағы сәулет, ескерткіштер және урбанизм» атты шараға қатысты. Аталған іс-шара мәдени мұраны сақтау және мәдениетаралық диалогты нығайтуға бағытталған бастама аясында өтті.

Іс-шара барысында «Жібек жолындағы мәдени алмасудың тақырыптық жинағы» сериясының екінші томы – «Сәулет, ескерткіштер және урбанизм» атты басылымның таныстырылымы өтті. Бұл басылым ЮНЕСКО, Нанкин шығармашылық орталығы және Нанкиннің Дүниежүзілік тарихи және мәдени қалалар көрмесінің бірлескен жобасы негізінде жарық көрген.

Шараға басылымның шығуына атсалысқан Нидерланды, Ұлыбритания, Әзербайжан, Египет, Қазақстан, Қытай, Өзбекстан, Италия және Франция елдерінен келген сарапшылар қатысты. Олар басылымның мазмұнын талқылап, тарихи алмасулар мен олардың қазіргі заманғы мәдениетаралық диалогқа тигізер әсерін тереңірек түсінуге бағытталған жаңа ғылыми көзқарастарын ұсынды.

ЮНЕСКО жобасының белсенді қатысушысы ретінде Түркі Академиясының президенті бұл бастаманың Жібек жолы мұрасын зерттеу мен насихаттаудағы маңыздылығына тоқталды. Өз баяндамасында ол Баку қаласының сауда және мәдени алмасу орталығы ретіндегі тарихи рөліне, бірегей сәулеттік және тарихи мұрасына тоқталды.

Шаһин Мұстафаев Бакудің заманауи және дәстүрлі мәдениеттің үйлесімділігімен ерекшеленетінін және урбанизация жағдайында тарихи мұраны сақтаудың үздік үлгісіне айналғанын ерекше атап өтті.