Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев 3-қазанда Анкарада өткен Түркі мемлекеттер ұйымының құрылуына негіз болған Нахчыван келісімінің 15 жылдығына арналған салтанатты шараға қатысты
Іс-шараға түркі ынтымақтастық ұйымдарының жетекшілері мен түркі мемлекеттерінің танымал ғалымдары жиналып, ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылап, ортақ мақсаттарды алға тартты.
Панельдік сессия барысында, Түркі мемлекеттер ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев модераторлық еткен «Түркі ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен болашақтағы мүмкіндіктері» тақырыбында маңызды ойлар айтылды. Қатысушылар көлік, энергетика, және цифрландыру салаларында қол жеткізілген елеулі жетістіктерге назар аударып, бұл бағыттардың түркі елдерінің өзара байланыстарын нығайтудағы рөлін ерекше атап өтті.
Шаһин Мұстафаев өз сөзінде 2009 жылы қол қойылған Нахчыван келісімінің тарихи маңызына ерекше тоқталып, оны түркі мемлекеттері арасындағы тұрақты әрі институционалдық ынтымақтастықтың бастау алуының басты кезеңі деп атады. Сонымен қатар, ол Түркі Академиясының соңғы екі жылда жүзеге асырған ғылыми жобалары туралы баяндап, тарих, археология, этнология, тіл білімі және өнер салаларын қамтыған 36 ірі ғылыми жобаның маңыздылығын алға тартты.
Әсіресе, ол ортақ түркі тарихын зерттеуге бағытталған жұмыстарға назар аударып, Моңғолиядағы Көк түрік дәуірінің ескерткіштерін зерттеуге арналған археологиялық қазба жұмыстары мен Қазақстандағы Сырдария өзені бойында жүргізілген оғыз дәуірі артефактілерін зерттеу нәтижелерін мысал ретінде келтірді.
Шаһин Мустафаев терминологиялық сөздіктердің түркі мемлекеттері арасындағы байланысқа қосар үлесін айта келе, латын графикасына негізделген бірыңғай түркі әліпбиінің қабылдануын мәдени интеграциядағы маңызды қадам ретінде бағалады.
Сөзін түйіндей келе, Мұстафаев қазіргі қол жеткізілген жетістіктерге қарамастан, түркі елдері арасындағы ынтымақтастықты әрі қарай нығайту үшін алдағы уақытта ауқымды жұмыстар атқару қажеттігін атап өтті.