Түркі Академиясының президенті тіл білімі саласының ғалымдарымен кездесті

2023 жылғы 31 қаңтарда Түркі Академиясының президенті Шаһин Мустафаев Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтына арнайы келіп, институт басшылығымен және ғалымдармен кездесті.

Кездесуде ұйым басшысы Түркі Академиясының атқарып жатқан жұмыстары мен алдағы уақытта жүзеге асыратын ғылми жобалары туралы баяндап берді. Бұған қоса тіл білімі, лингивистка саласындағы жаңа ізденістер және латын әліпбиін қолдану мәселелері бойынша ғалымдармен пікірлесіп, бауырлас елдерге ортақ кейбір ұстанымдармен бөлісті. Өз кезегінде Институт директоры Анар Фазылжан қазақ тіл білімі саласында қолға алынған іргелі істерді таныстырып, атқарылған жобалардың нәтижелерімен таныстырды. Сондай-ақ, Академия басшысының арнайы келгеніне ризашылығын білдіріп, өзара әріптестік байланысты нығайта түсуге мүдделі екенін атап өтті. Тараптар өткен жылы Астанада өткен кездесуде айтылған ұсыныстар бойынша пікірлесіп, алдағы уақытта ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюға уағдаласты. Кездесу соңында Ш. Мустафаев институт басшылығына және ұжымына қонақжай қабылдауы мен нәтижелі кездесуі үшін алғысын айтып, Академияның іс-шараларына белсенді қатысуға шақырды.