Түркі Академиясының президенті: түркі мемлекеттерінің құқықтық жүйелерін үйлестіру үшін салада бекем бауырластық байланыс орнауы тиіс

Бүгін Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев Баку қаласында өткен “Түркі мемлекеттерінің құқық қорғау қызметіндегі цифрландыру және конвергенция” атты халықаралық конференцияға қатысты.

Әзербайжан Республикасының Әділет министрлігі мен Бас прокуратурасы бірлесіп ұйымдастырған жиынның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Академия президенті түркі мемлекеттеріндегі құқық қорғау саласының мүмкіндіктерін арттыруда сот қызметкерлерін бірлесіп оқыту және алмасу бағдарламаларын жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.

«Түркі әлемі 2040» стратегиялық құжатының тиімділігін арттыру үшін түркі мемлекеттері арасында берік ғылыми орта қалыптасуы тиіс», - деді Ш. Мұстафаев.

Түркі Академиясы аталған конференцияның «Түркі мемлекеттерінің азаматтық құқығын талдау және жақындастыру” атты үшінші панелдік отырысын ұйымдастырды. Аталған жиын барысында түркі елдеріндегі азаматтық заңнамасының қазіргі жағдайын талқылаған Түркі Академиясының вице-президенті Асхат Кесікбаев панель қатысушыларына ортақ жоба ретінде бұл салада жылдық есеп дайындауды ұсынды.

Екі күнге жоспарланған іс-шараға Әзербайжан Республикасының Әділет министрі Фарид Ахмадов, Әзербайжан Республикасының Бас прокуроры Камран Әлиев, Әзербайжан Республикасы Жоғарғы сотының төрағасы Инам Каримов және Түркі мемлекеттері ұйымы Бас хатшысының орынбасары Сади Джафаров және сот мекемелерінің өкілдері, судьялар, прокурорлар мен сот төрелігін оқытумен айналысатын мекемелер қатысты.

Айта кетейік, 2021 жылы ортақ құқықтық құндылықтар мен қағидаларды сақтай отырып, құқық және сот саласындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында Түркі сот төрелігін оқыту желісі құрылған болатын. Ал, 2022 жылы Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан және Венгрия елдерінің сот төрелігін оқытумен айналысатын ұйымдары арасында Түркі сот төрелігін оқыту желісі бойынша өзара келісім туралы меморандумға қол қойылды. Аталған оқыту желісі құрылған сәттен бастап оған мүше елдердің сот мамандарын оқытумен айналысатын институттары арасында тығыз ынтымақтастық үшін қолайлы жағдай жасалып келеді.