Түркі академиясының президенті Өзбекстандағы референдумға халықаралық байқаушы ретінде қатысты

30 сәуір күні Түркі Академиясының президенті Шаһин Мустафаев Ташкент қаласында Өзбекстан Республикасының Конституциясына енгізіліп жатқан өзгерістер мен толықтырулар дауысқа салынған референдумға халықаралық байқаушы ретінде қатысты.

Халықаралық байқаушылар Ташкент қаласындағы сайлау учаскелерін аралап, дауыс беру барысына мониторинг жүргізді. Байқаушы миссиясын жүзеге асыру аясында Академия басшысы бірқатар жергілікті телеарналарға сұхбат беріп, Өзбекстандағы сайлау жүйесіне қатысты пікірлерімен бөлісті. Журналистерге берген сұхбатында Ш. Мустафаев Өзбекстан Орталық сайлау комиссиясының жоғары дайындығын, референдумға қатысушылардың белсенділігін, сондай-ақ дауыс беру процесі заң талаптары барынша сақтала отырып өткендігін атап өтті. Референдумға халықаралық қауымдастық тарапынан бақылау жасау Өзбекстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің келісімі негізінде жүргізіледі. Айта кету керек, Өзбекстанда өткен Конституцияға енгізілген түзетулер мен толықтырулар бойынша референдумға 50 мемлекеттен және халықараралық ұйымдардан барлығы 400-ге жуық шетелдік байқаушылар қатысты.