Түркі академиясының президенті Әзербайжан Милли Меджлис төрайымымен кездесті

2022 жылғы 18 маусымда Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі Әзербайжан Республикасы Милли Меджлис төрайымы Сахиба Гафаровамен кездесті.

Кездесуде Милли Меджлис спикері Халықаралық Түркі академиясы өзінің құрылған күнінен бастап түркі елдерінің ғылыми интеграциясын нығайтуға, олардың ортақ мұрасын жан-жақты насихаттауға, түркі әлеміндегі білім және ғылым саласындағы жұмыстарды үйлестіруге табысты қызмет етіп жатқанын атап өтті. Әзербайжан, өзге де Түркі ынтымақтастық ұйымдарымен қоса, Түркі академиясының да қызметіне зор мән беріп, оны одан әрі дамытуға атсалыса беретінін жеткізді. Сонымен қатар, Спикер Академияның түркітілдес елдер арасындағы ғылым саласындағы ынтымақтастығын дамыту бағытында маңызды бастамаларын атап өтті. С. Гафарова Д. Қыдырәлінің Түркі Академиясының тұңғыш президенті ретінде 8 жылдық кезеңінде аталған бағыттар бойынша айталықтай табыстарға қол жеткізген еңбегін, сондай-ақ Әзербайжан мен Қазақстан халықтары арасындағы достық байланыстарды дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалады. Өз кезегінде Академия басшысы ұйымның жасаған жұмыстары туралы айтып, Милли Меджлис төрайымы С. Гафароваға және депутаттарға Академия қызметін қолдағаны үшін алғысын білдірді. Сонымен қатар, Д. Қыдырәлі "Кавказдағы түркі іздері" жобасы аясында атқарылған жұмыстар мен қолға алынған жобалар туралы айтты. Атап айтқанда 2019 жылдың қаңтар айында түркі әлемінің ғалымдарымен бірлесе отырып, Әзербайжан аумағындағы материалдық және мәдени мұраны зерделеу мақсатында Түркі академиясы жүргізген жұмыс нәтижесі атап өтілді. Сондай-ақ Академия басшысы Бакуде өтіп жатқан IX жаһандық Баку форумының маңыздылығын атап өтіп, Әзербайжанның ғылыми және интеллектуалдық орталыққа айналғанын айтты. Кездесуде тараптар басқа да маңызды мәселелер бойынша пікір алмасты.