Түркі әлемінің археологтары Самарқандтың тарихи орындарын аралады
2023 жылғы 10 Қарашада Түркі әлемі археология институттары мен орталықтары басшыларының алғашқы жұмыс кездесуіне қатысушылар Самарқандтың тарихи және көрнекті жерлері мен археологиялық ескерткіштерін аралады.
Қонақтар алдымен Я. Гулямов атындағы Самарқанд археология институтына және "Афрасиаб" музейін барып, Өзбекстанның мыңжылдықтар қойнауынан тамыр тартқан тарихымен жақынырақ танысты. Мәртебелі меймандарды V—VIII ғасырларға тиесілі ежелгі Кофир-кала аталатын көне соғды сарайы мен қалашық жұрты айрықша қызықтырды. Аталған тарихи нысан Самарқанд маңындағы Афрасиаб қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 30 км жерде орналасқан. Басқосуға келген ғалымдар археологиялық қазба жұмыстарының нәтижелерімен танысып, "Жібек жолы: Зеравшан-Қарақұм дәлізі" жобасы аясында Кофир-қала қалашығын зерттеу бағытында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар бойынша мәлімет алды. Айта кетейік, тарихи Зеравшан-Қарақұм дәлізі — ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілген ескерткіш.