Түркі мемлекеттер ұйымының қызметкерлері Түркі академиясының жұмысымен танысты

2022 жылғы 6 маусымда, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі Түркі мемлекеттер ұйымы Бас хатшысының орынбасары Кысмет Гозалов бастаған делегацияны қабылдады.

Қазақстанда өткен референдумға байқаушы миссиясымен келген делегация Түркі академиясына арнайы ат басын бұрын, Түркі кітапханасы мен музейін аралап көріп, ұйымның жұмысымен танысты. Кездесу барысында Д. Қыдырәлі меймандарға Академияның жүзеге асырып жатқан жобалары мен жоспарлары жөнінде мәлімет берді. Сонымен қатар тараптар Түркі әлемі білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық туралы пікір алмасты. ТМҰ Бас хатшысының орынбасары К.Гозалов ұйымның ғылыми және гуманитарлық ынтымақтастық саласындағы қызметін жоғары бағалады. Кездесу соңында Д. Қыдырәлі Академияға ілтипат білдіруге келген ТМҰ Бас хатшысының орынбасары К. Гозалов бастаған делегацияны алғыс айтып, Түркі академиясы атынан сыйлықтар тарту етті.