Түркі руна жазба ескерткіштерін зерттеу мәселелері талқыланды

2023 жылдың 25 мамыр күні Түркі Академиясының президенті Шаһин Мустафаев Вильгельм Томсенның көне түркі руна жазу құпиясын ашуына 130 жыл толуына орай өткізілген «Түркі руна ескерткіштерін зерттеу мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысты.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Түркітану кафедрасы ұйымдастырған басқосуға бірқатар елдердің түрколог ғалымдары, түркі мемлекеттерінің Қазақстан Республикасындағы елшілері, ізденушілер қатысып, дәстүрлі форматта және Zoom платформасы арқылы баяндамалар жасады. Алқалы жиынды «Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» КеАҚ Басқарма мүшесі – Ғылым, коммерцияландыру және интернационалдандыру жөніндегі проректор Жанна Құрманғалиева жүргізіп отырды.
Конференцияда құттықтау сөз алған Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Түркітану кафедрасының меңгерушісі, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков осыдан 22 жыл бұрын Күлтегін ескерткішінің дәлме-дәл ғылыми көшірмесін университет төріне орналастырудағы естеліктерімен бөлісті. Өз кезегінде Түркі Академиясының президенті Шаһин Мустафаев 130 жыл бұрын түркі жазуының ашылуы түркілер туралы бұған дейін қалыптасқан көзқарасқа бетбұрыс жасаған маңызды оқиғалардың бірі болғанын атап өтті. Сөз жоқ, жазу мәдениеті – адамзат өркениетіндегі басты құндылық. Сонымен қатар, Академия басшысы өткен жылы Моңғолияның Намгон алқабынан түркі дәуіріне тиесілі жаңа жазба ескерткіштің жоғарғы бөлігі табылғанын, бұл жерде биыл да археологиялық қазба жұмыстары жалғасатынын айтты. Оның айтуынша, қазіргі кезде бұл ескерткіш «түркі» сөзі кездесетін ең көне мұра саналады. Түркия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мустафа Капуджу ұйымдастырушыларға конференцияға шақырғаны үшін алғысын білдіріп, түркі халықтарына ортақ мұраны зерттеуге қолдау көрсетіле беретін айтты. Түрікменстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Батыр Реджепов түбі бір түркі халықтарының ынтымақтастығы нығая беретініне сенетінін білдірді.
Конференцияға Қазақстан Республикасының өңірлерінен және Ресей Федерациясының бірқатар аймақтарынан, Алтай, Якутия, Хакасия, Тува, Татарстан Республикаларынан, бауырлас түркі мемлекеттері Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Түркия, Әзірбайжан Республикаларынан, Бельгия, Венгрия, Қытай елдерінен ғалымдар онлайн режимде қатысып, пленарлық және секциялық отырыстарда баяндамалар жасады.