Түркі және ұйғыр дәуірінің солтүстік сауда және әскери жолдары туралы онлайн конференция өтті
Бүгін, 5 қыркүйекте Түркі Академиясының вице-президенті Асхат Кесікбаев Түркі Академиясының қолдауымен және Моңғолия мемлекеттік университеті мен Моңғолия археология институты ұйымдастырған «Түркі және ұйғыр дәуіріндегі солтүстік сауда және жорық жолдары» атты онлайн конференцияға қатысты.
Онлайн шараға бауырлас түркі елдерінің және Моңғолияның ғалымдары мен сарапшылары қатысты.
Академия жобаларының бірі боп табылатын аталған шараның мақсаты – ежелгі дәуірде түрлі түркі мемлекеттерін байланыстырған солтүстік сауда және әскери жолдарының маңызын талқылап, талдау болды. Осы тұрғыдан конференция археология, тарих және мәдениет салаларындағы соңғы жетістіктермен алмасқан бірегей алаң болды.
А.Кесікбаев өз сөзінде конференция ұйымдастырушыларына Түркі Академиясының президенті, Академик Шаһин Мұстафаевтың алғысы мен жылы лебізін жеткізді. Сондай-ақ ол Түркі Академиясының археология және тарих саласында жүзеге асырып жатқан жобаларымен және жетістіктерімен таныстырды.
Академия құрылған кезеңінен бастап Моңғолиядағы жетекші ғылыми мекемелермен ынтымақтастық туралы бірқатар келісімдерге қол қойған болатын. Аталған келісімдер Шивээт-Улаан, Номгон, Хаяхудаг және Гунбурд секілді көне түркі дәуіріндегі бірнеше зерттеу жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік берді.
Жуырда «Номгон-2» кешенінен табылған көне түркі жазуы бар бітіктастастың түркітану ғылымына елеулі үлес болғаны ерекше атап өтілді.
Айта кету керек, Түркі Академиясы түркі әлеміне қатысты зерттеулерді ілгерілететін халықаралық ынтымақтастықты белсенді дамытуда.