Түркістанда мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың мұрасына арналған халықаралық конференция өтті

Бүгін, 15 қарашада Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Тұрар Рысқұлов және Түркістан идеясы» тақырыбында халықаралық ғылыми конференция өтті. Іс-шараға тамырлас түркі елдерінен ғылыми және мәдени қауымдастық өкілдері, қоғам және мемлекет қайраткерлері, дипломаттар мен сарапшылар қатысты.

Конференция барысында Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаевтың қатысушыларға жолдаған құттықтау хаты оқылды:

«Қазақстан мен Орталық Азияның ғана емес, Моңғолияның дамуына зор үлес қосқан халықаралық деңгейдегі ғалым, дипломат және саясаткер Тұрар Рысқұлов өз елінің және бүкіл өңірдің тарихында ерекше орын алады.

Аймақтық интеграция идеясының тарихи және ғылыми маңызын, сондай-ақ оның өміршеңдігін атап өту маңызды деп санаймын. Бұл идеяны бүгін осы өңірдегі тәуелсіз мемлекеттер тарихтың жаңа кезеңінде қайта жандандырып отыр».

Академия басшысының құттықтау хатын оқыған Түркі Академиясының сарапшысы Тимур Козырев бұдан кейін Тұрар Рысқұлов пен түркітанушы, қоғам және саяси қайраткер Зәки-Валиди Тоған арасындағы ынтымақтастық туралы баяндама жасады.

Сондай-ақ, Академия сарапшысы Ақеділ Тойшанұлы Тұрар Рысқұловтың Моңғолиядағы қызметіне қатысты баяндамасымен бөлісті.

Айта кетейік, Түркі Академиясы бұған дейін моңғол тілінде «Коминтерн өкілі Тұрар Рысқұловтың Моңғолиядағы қызметі» атты монография мен осы кезеңге қатысты мұрағат материалдарының жинағын жарыққа шығарған болатын. Сонымен қатар, Тұрар Рысқұловтың туғанына 130 жыл толуы Түркі Академиясының 2024 жылғы мерейтойлық даталар тізіміне енгізілген.

Халықаралық конференция тұғырлы тұлғаның өңір тарихындағы орны мен оның идеяларының қазіргі заман үшін маңыздылығына арналған баяндамалар мен пікірталастармен қорытындыланды.