The Turkic Academy organized a photo exhibition dedicated to the results of archaeological excavations

26 қыркүйек күні Халықаралық Түркі академиясы «Орхонан Орхан Ғазиге дейін» атты халықаралық археологиялық-мәдени экспедиция аясында Бурса қаласындағы Тайяре мәдениет орталығында Моңғолияда жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарын және ондағы табылған тарихи артефактілерді қамтитын фотосуреттер көрмесін өткізді.

Көрменің ашылу салтанатына Халықаралық Түркі академиясының президенті міндетін атқарушы Фузули Мәжидли, Бурса қаласының басшысы Алинур Акташ, Әзербайжан Республикасының Түркиядағы Елшісі Рашад Мамедов, Қазақстан Республикасының Түркиядағы Елшісі Еркебұлан Сәпиев, Моңғолия Ғылым академиясының Археология институтының директоры Гелегдорж Эрэгзэн бастаған ғалымдар делегациясы, профессор Кадыралы Конкобаев, Кавказ университеттері қауымдастығының президенті Рамазан Коркмаз, Измир Катип Челеби университетінің профессоры Шабан Доған, әзербайжан түркологі Елчин Ибраһим, зиялы қауым өкілдері мен ғалымдар, бауырлас елдердің БАҚ өкілдері қатысты. Құтлық қаған кешені мен жазба ескерткішіне арналған көрмені Академия басшысы міндетін атқарушы Ф. Мәжидли ашып, тағылымды шараға келген қонақтарға ризашылығын білдірді. Жиында сөз алған Бурса қаласының басшысы Алинур Акташ Түркі академиясының ашқан тың жаңалығының түркі әлемі мен әлемдік ғылым үшін маңызы зор екеніне айрықша тоқталды. Айта кету керек, аталған фотокөрмеде Номғон алқабында және Шивээт улаан кешенінде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстар сәті мен олардан табылған құнды мұраларды қамтитын фотосуреттер көпшілік назарына ұсынылды. Академияның ұйтқы болуымен өтіп жатқан тағылымды іс-шараға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Мажарстан, Моңғолия, Солтүстік Кипр Түрік Республикасынан және Ресей Федерациясына қарасты Татарстан мен Башқұртстан Республикаларынан зиялы қауым өкілдері, танымал ғалымдар қатысуда. Бұдан кейін экспедиция бағдарламасы бойынша бауырлас елдердің ғалымдарының қатысуымен Құтлық қаған кешені мен жазба ескерткішінің халықаралық таныстырылымы өтеді деп күтілуде.