Ыстанбұлда Түркі ынтымақтастығы ұйымдары Үйлестіру комитетінің 4-ші отырысы өтті
Бүгін, 19 қаңтар күні Ыстанбұлда Түркі ынтымақтастығы ұйымдары Үйлестіру комитетінің 4-ші отырысы өтті.
Басқосуға Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы Кубанычбек Өмүралиев, Түркі Академиясының президенті Шаһин Мустафаев, Халықаралық Түркі мәдениеті ұйымының (ТҮРКСОЙ) бас хатшысы Сұлтан Раев, Түркі мемлекеттері Парламенттік ассамблеясының (ТүркПА) бас хатшысы Мехмет Сурея Ер, Түркі мәдениеті және мирасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова және түркі ынтымақтастығы ұйымдарының өкілдері қатысты.
Отырыста ұйымдардың басшылары өткен 2023 жылы атқарылған жұмыстардың нәтижелерімен таныстырып, ТМҰ Мемлекет басшыларының Астанадағы 10-шы Саммитінде айқындаған тапсырмалары мен шешімдерінің орындалу барысын талқылады.
Жиында сөз алған Шаһин Мұстафаев өткен жылы Түркі Академиясы қызметінің Саммит шешімдерін, Мемлекет басшыларының тапсырмалары мен «Түркі келешегі – 2040» стратегиясын нәтижелі жүзеге асыруға кеңірек жол ашатын бірқатар жаңа бастамалар мен іргелі жобалар арқылы тың әрі серпінді кезеңге қадам басқанына тоқталды.
Оның айтуынша, Академия 2023 жылы әртүрлі түркі елдерінен ортақ академиялық зерттеу жобаларға баса назар аударып, жаратылыстану және технология қатарлы жаңа ғылыми бағдарлар арқылы ынтымақтастық аясын кеңейте түсті. Сонымен қатар, ТМҰ Хатшылығымен бірлесіп бауырлас елдердің ғалымдарын жұмылдыра түсетін бірқатар ортақ платформалар, қауымдастықтар мен желілер құрды.
Түркі академиясы былтыр 2024-2025 жылдары нақты нәтижелерін бере бастайтын 17 ұзақмерзімді бірлескен жобаны жүзеге асырып, жалпы саны 54 ғылыми еңбекті әзірлеп басып шығаруға ұсынды.
Академияның 2023 жылғы атқарған жұмысының толық қортындыларымен осы сілтемеге басып, ресми веб-сайттағы жылдық есеп (ағылшын тілінде) арқылы танысуға болады.
Отырыс соңында Түркі ынтымақтастығы ұйымдарының 2024 жылға арналған іс-шаралар жоспары мақұлданды.